$ 447.4  477.55  4.76

«Тоқаев халық үніне құлақ асатын мемлекет құру жолында жұмыс істейтінін көрсетті» - Қазбек Майгельдинов

Бұл өзгерістің бәрі Президенттің өз алдына қойған стратегиялық басымдықтары негізінде жасалып жатыр дейді саясаттанушы.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев билікке келгелі елде айтарлықтай елеулі оқиғалар болды. Билік транзиті әлемдік пандемиямен тұспа-тұс келіп, жаңа Президенттің сыналар мәселесіне айналды. Дегенмен әлемді жайлаған індетке қарамастан, Мемлекет басшысы еліміз үшін аса маңызды бірқатар саяси шешімдер қабылдап үлгерді. Белгілі саясаттанушы Қазбек Майгельдинов Президент «бірінші саясат, содан кейін экономика» деген жаңа қағидатты қолға алды дейді. Саясаттанушының айтуынша, Мемлекет басшысының саяси модернизацияны негізгі тірек етуі еліміздегі бірқатар өзгерістерге алып келіп жатыр. Бұл әсіресе саяси жүйенің одан әрі демократиялануына, нығаюына жол ашпақ. Сонымен, жаңа Президентіміз билік еткен үш жылға жуық уақытта не өзгерді? Оған Президентіміздің ықпалы қандай болды?  Skifnews порталы осы сұрақтар төңірегінде сараптама жасаған еді. 
 
Қасым-Жомарт Кемелұлы президенттік дәуренін халықтың несиесін кешіруден бастады. Соның арқасында әлеуметтік әлсіз топтардың банк алдындағы қарызы кешіріліп, бір серпіліп қалды. Ал әлемді жайлаған індет Қазақстанға келген тұста Мемлекет басшысы екі бірдей маңызды шешім қабылдады. Оның біріншісі – 4,5 миллионнан астам адамға 42 500 теңге көлемінде көмек беруі. Бұл шара – бір жағынан Президенттің жомарттығын көрсетсе, екінші жағынан ел басына күн туғанда халқына барынша қолдау көрсететінін айғақтады.  

Ал екінші шешім – 700 мыңнан астам кәсіпкердің салық жүктемесін азайтуы болды. Бұл бірінші шешімнен де маңызды шара еді. Себебі шағын және орта бизнес – ел экономикасының күретамыры. Халықтың әл-ауқатын көрсететін, тұрмыс-тіршілігіне бірден әсер ететін сала. Кәсіпкерлерді қыспаққа алмай, керісінше қолдау арқылы халықтың жағдайын төмендетпей ұстап қалды. 
  
Қазбек Майгельдинов бұл дер кезінде қабылданған шара болды дейді. 

«Президенттің 42 500 теңгеден төлем тағайындауы әлеуметтік әлсіз топтарға үлкен көмек болды. Бұл әлеуметтік ахуалдың ушығып кетпеуі үшін жасалған қадам еді. Ал пандемия кезінде ең ауыр соққы шағын және орта кәсіпкерлікке тиген болатын. 700 мыңнан астам кәсіпкердің салық жүктемесін азайту туралы шешім мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен қолдау» - дейді ол.  

Сарапшының айтуынша, Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарған жемісті жұмыстары бұл ғана емес. 2020 жыл Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін ауыр жыл болды. Пандемия халықтың тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер еткен залал болды. Сондай ауыр жағдайда халықтың жағдайын жақсарту үшін жасалған жұмыстың бірі – зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға рұқсат беру еді.  

«Бұл – халықтың тұрмыстық жағдайын, денсаулығын жақсартуға бағытталған шара болды. Зейнетақы жинағының бір бөлігін алу үшін оның жеткілікті шегі де бекітілді. Оның өзі дұрыс қадам болды. Себебі азаматтардың зейнетке шыққаннан кейін де алатын зейнетақысы болуы керек. Алдағы күнді де ойлау қажет. Зейнетақы жинағын түгелдей бермей, жеткілікті шегін бекіткені алдағы күннің қамы» - дейді спикеріміз.  

Сонымен қатар ол Қасым-Жомарт Кемелұлының жер мәселесіне нүкте қоюын ең үлкен жеңіске балайтынын атап өтті.  

«Президенттің маңызды шешімдерінің бірі – шетелдіктерге жерді сатуға, жалға беруге заң жүзінде тыйым салуы болды. Жер мәселесіне нүкте қоюын Президенттің нақты жеңісі деп айтуға болады. Өйткені қазақ үшін жер дауы өте маңызды. Жер мәселесінде ғана емес, Президентіміз Арыстағы апатта да, Қордай қақтығысында да халықпен бірге екенін көрсетті. Президенттікке сайланған тұста өзі айтқандай халық үніне құлақ асатын мемлекет құру бағытында еңбек ететінін дәлелдеді» - дейді саясаттанушы.  

Сонымен қатар Мемлекет басшысы бірқатар саяси реформалар жүргізді. Бұл бағытта жасалған қадамның бірі – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру болды. Ал екіншісі – сайлау сатыларын өзгерткені болды. Атап айтсақ, партиялар үшін Мәжіліске өту шегін 7 пайыздан 5 пайызға төмендету, саяси партияларды тіркеу шегін 50 пайызға азайту сияқты өзгерістер бұрын-соңды болмаған құбылыс еді. Қазбек Өмірзақұлы Бұл қадамдарды халық үніне құлақ асатын мемлекет құру бағытында жасалған жұмыстың бірі дейді.  

«Бұл қоғамдық кеңестің құрамына тек қана еліміздегі белгілі қоғам қайраткерлері ғана емес, әртүрлі салалардағы сарапшылар, елдегі жағдайды жақсартуға қатысты өзінің жеке идеясы, азаматтық позициясы бар тұлғалар да енді. Нәтижесінде осы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстары аясында 13-тен астам заңнамаға өзгеріс енгізілді. Қоғамдық кеңес мүшелері көтерген бірнеше бағыт бойынша, мәселен, ұстаздарға, экологиялық кодекске қатысты жаңа құжаттамалар қабылданған болатын. Сонымен қатар Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысындағы бастамалар елдегі саяси реформаларды жүргізуге де өз ықпалын тигізді. Мысалы бүгінгі күні саяси партиялар үшін Мәжіліске өту шегін 7 пайыздан 5 пайызға төмендету, саяси партияларды тіркеу шегін 50 пайызға азайту сияқты өзгерістер саяси партиялар туралы, сайлау туралы заңға өзгерістер енгізу нәтижесінде болды. Сонымен қатар барлық деңгейдегі сайлау бюллетендеріне «барлығына қарсымын» бағанының енгізілуі де сол Қоғамдық кеңес аясында көтерілген бастамалардың бірі. Бұл қадамдар еліміздегі саяси жаңғырту, саяси реформалар аясында жүргізілді. Басты мақсаты – еліміздегі саяси плюрализмді, көп партиялы жүйені дамыту. Жалпы саяси жүйенің өзгеруі қадам-қадаммен жасалынып жатыр. Мысалы еліміздегі көп партиялы жүйені дамыту мақсатында жасалған қадамдар болашақта жаңа бір саяси күштің пайда болуына алып келуі мүмкін. Соған алғышарттар жасалуда. Бүгінгі таңда Президент саяси реформалар пакетін енгізген болатын. Алдағы уақытта да осы Қоғамдық сенім кеңесінің аясында жаңа саяси реформалар пакеті қарастырылатын болады. Нәтижесінде бүгінгі таңда ауыл әкімдерін және аудан деңгейіндегі әкімдерді тікелей сайлау сияқты жаңа өзгерістер жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда 800 астам ауыл әкімі тікелей сайланды. Бұның барлығы жергілікті өзін өзі басқаруды реформалау концепциясы негізінде жасалып жатыр. 2025 жылға дейін қала, облыс әкімдері де осылай тікелей сайлау арқылы сайланатын болады. Мұның барлығы ауыл, аудан әкімдерінің жергілікті халық алдындағы жауапкершілігін арттыратын, орталықтан ажыратуға бағытталған, өзін-өзі толыққанды басқаруға мүмкіндік беретін қадамдар. Бұл болашақта мықты аймақтардың пайда болуына алып келетіні сөзсіз. Оған қоса Президент өзінің биылғы жолдауында ауылдағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мақсатында кеңестер институтын құруды тапсырды. Жалпы бұл дегеніміз қоғам мен билік арасындағы диалогты нығайту бағытында жүргізіліп отыр. Қоғам тарапынан биліктің жұмысын бақылау функцияларына бақылауды күшейтеді» - дейді ол. 

Тағы бір атап өтерлігі, Қазбек Өмірзақұлының айтуынша Тоқаев Президент болғалы бері жемқорлықпен қатаң күрес дәуірі басталды. Мысалы бұрынғы заңнама бойынша жемқорлық қылмысы үшін шартты  түрде босату бабы болған. Ал қазір шартты түрде босатуға қатаң тыйым салынды. Яғни жемқорлықпен күрестің жаңа бір белесі басталды десе болады. Саяси модернизацияны динамикалы түрде өтіп жатыр деп айтуға болмас, дегенмен кез келген істе асығыстық жасамаған дұрыс. Бұл өзгерістің бәрі Президенттің өз алдына қойған стратегиялық басымдықтары негізінде жасалып жатыр дейді саясаттанушы.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары