$ 444.22  476.38  4.82

«Бізге тез арада Еуразиялық экономикалық одақтан шығу керек» - қоғам белсендісі

ЕАЭО тек қана бір Ресейдің мүддесіне қызмет ететін ұйым. Ендігі жерде бұл одақта қалу Қазақстан экономикасын құрдымға кетіру деген сөз.

ЕАЭО-на кіретін Қазақстан, Ресей, Белорус, Армения мен Қырғызстан әлемдің қайымдастықтың экономикалық санкциясына ұшырап жатыр. Оның салқынын Қазақстан қазірдің өзінде сезінуде. Ресей жағының Еуразия экономика одағы (ЕАЭО) елдерінің біріне санкция салынған жағдайда одақ мүшелерінің бірлескен жауап шараларын қолданатыны" жайлы айтуы, Евроодақтың санкциясына қарсы Қазақстанды да бірлесіп қарсы тұруға шақыруы барып тұрған арандату. Бұл Ресей тарапынан онысыз да экономикасы құлдырап, қалт-құлт етіп отырған Қазақстанды саяси соғыс алаңына тарту. 

Н.Назарбаевтың белден басқан бастамасымен дүниеге келген ЕАЭО тек қана бір Ресейдің мүддесіне қызмет ететін ұйым. «Ортақ парламент, ортақ валюта енгізу, СБЕР цифрлы бағдарламасы сияқты бастамалары және бәсекеге қабілеті төмен басқа елдерді де одаққа қосуға тырысуы Ресейдің одақта экономикалық емес, саяси мүддесі басым екенін көрсетеді. Мәселен Қазақстан 2015-2020 жылдардың ішінде ЕАЭО аясындағы саудадан 44 млрд доллар жоғалтқан. Бұл шамамен 2020 жылғы жалпы ішкі өнімнің (180 млрд доллар) төрттен бір бөлігі деген сөз. Одан да қарапайымдап айтсақ, Әзербайжанның мемлекеттік мұнай қорында 20 жыл бойы жиналған активтердің құнына тең. Ендігі жерде бұл одақта қалу Қазақстан экономикасын құрдымға кетіру деген сөз. Бүгін қимылдамасақ, біздің ақырымызға жететін және бір фактор осы ЕАЭО болмақ. 

Бұл бірден емес, біртіндеп шығып іске асатын қадамдар. Мәселен қағаз жүзінде Еуразиялық экономикалық одақтан бес елдің кез келгені қалаған уақытында шыға алады. Ресми хабар түскеннен кейін 12 ай ішінде бұл процесс толық аяқталуға тиіс. Ол туралы ЕАЭО туралы шарттың 118-бабында одақтан шыққысы келген мемлекет «осы одақ аясында аталмыш елдің қатысуымен туындаған қаржылық міндеттемелерді реттеуге міндетті» екені жазылған. 

Айтарым, бастапқы кезде іс жүзінде бұл қадамның Қазақстан үшін ауыртпалықтары көп болатыны да түсінікті. Әсіресе Ресей тарапынан саяси-экономикалық қысым жасалады. Қазақстанға қаржылық бережақтарын толықтай өтеуді міндеттейді. Олардың «байлауындағы» қазіргі қазақ билігінің ЕАЭО шыға қойуы да екіталай. Солай бола тұра Қазақстан бұл ұйымнан шығуы керек. Олармен жалпылық (ЕАЭО –тан тыс) аясында емес, жалқылық деңгейінде экономикалық байланыс құрғанымыз дұрыс. 
ШЫҒАР ЖОЛ ҚАЙСЫ? 

Бізді ЕАЭО - құлдығынан құтқаратын да ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ "ТҰРАН" ӘСКЕРИ-САЯСИ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҒЫ ҒАНА БОЛМАҚ. Түркі мемлекеттері мен Таяу Шығыс, Еуропа, Жапон, Корей нарығын пайдаланып, Орталық Азияда өзіндік өңірлік экономиканы жолға қойуымыз керек. Бұған қазіргі қазақ билігі бармайды. Мұны қозғайтын да - халық, саяси ағымдар және жекелеген қоғам белсенділері. 

Сұрақ тек БАҚ беттерінде ғана емес барлық бейбіт шерулер мен пикеттерде де көтерілуі тиіс. Адам және қоғам бір-бірінен бөлек өмір сүре алмайды. Біз үшін қоғамдық пікірдің маңызы мен рөлі өте үлкен. Біз өз ұстанымызбен билікті қоғамдық пікірге қалай қарау керектігін көрсетеміз және орындатуға мәжбүрлей аламыз. Бұл уақыт сұранысы. 

Қоғам белсендісі Нұрлыбай Қошаманұлының facebook парақшасынан
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары