Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Қазақстандағы Еуропалық одақ Өкілдігінің басшысы Траян Лауренцю Христеамен кездесті. Бұл туралы Үкімет басшысының ресми сайты мәлімлеп отыр.
Кездесу барысында Н. Ермекбаев 2015 жылғы 21 желтоқсанда Астанада ҚР мен ЕО арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы Келісімге қол қоюға баса назар аударды, бұл құжат елдеріміздің арасындағы қарым-қатынасты әрі қарай жан-жақты дамытуға жәрдемдесуді көздейді.
Министр ведомство қызметінің негізгі бағыттары туралы айта келе, министрлік мемлекет пен діни бірлестіктер, азаматтық қоғам арасындағы әріптестік және өзара түсіністік қатынастарды дамытуды қамтамасыз ететінін айтты.
Н. Ермекбаев Қазақстанда тарихи шарттарға байланысты діни салада бірегей жағдай қалыптасқанын, сондықтан мемлекет пен дін арасындағы қатынастарды үйлесімді дамыту үшін түрлі конфессиялар арасында елдің өзгешелігін ескеретін ерекше әдіс-тәсілдер қажет екенін айтып өтті.
Ол үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік қолдау бойынша қабылданып жатқан шаралары туралы, олардың дамуы үшін өзге де қолайлы жағдайларды жасау жөнінде хабарлап, Қазақстанда ортақ әлеуметтік жобаларды іске асыру мәселесін пысықтауды, консультациялар жүргізіп, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қолдау шараларын қолдануды ұсынды.
ЕО Өкілдігінің басшысы Қазақстанда өңірлік ынтымақтастық аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады. Өз жоспарларымен бөлісіп, министрлікпен өзара іс-қимылды дамытуға ниетті екенін айтты.
Қорытынды бойынша азаматтық қоғамды дамыту мен азаматтардың құқығын діни сенім бостандығымен қамтамасыз ету мақсатында ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Айта кетейік, Қазақстанның ЕО елдерімен сыртқы сауда айналымы 2015 жылы 31 млрд долларды құрады (импорт – 3,8 млрд доллар, экспорт – 24,3 млрд доллар). 2005 жылдан бастап 2015 жылдың қыркүйек айына дейінгі кезеңде ЕО елдерінен Қазақстан экономикасына құйылған тікелей инвестициялар көлемі 107,4 млрд долларды құрады (оның 218 млрд доллары сырттан тартылған) . Негізгі инвесторлар – Нидерланды, Франция, Ұлыбритания және Италия.