Мемлекет басшысы Өзбекстанның Олий Мәжілісі Заң шығару палатасының төрағасын қабылдады деп хабарлайды Аkorda.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Республикасының Олий Мәжілісі Заң шығару палатасының төрағасы Нурдинжон Исмоиловқа ілтипат білдіре отырып, елдеріміз достық пен тату көршілікке, ортақ мәдени құндылықтарға негізделген, мемлекетаралық ынтымақтастықтың үлгісі болатын берік әрі үйлесімді қатынастарды орнатқанын атап өтті.
Қазақстан Президенті өткен жылдың желтоқсан айында Шавкат Мирзиёевтің елімізге жасаған мемлекеттік сапарын жоғары бағалады. Сол сапар қазақ-өзбек ынтымақтастығын одақтастық деңгейіне көтеруге негіз болған.
– Өзбекстан – Қазақстан үшін бауырлас, серіктес ел. Сондықтан екі ел арасындағы өзара қарым-қатынастарды дамытуға баса мән береміз. Біздің одақтас қатынастарымыз кең ауқымды және саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды қамтиды. Осы ретте парламент дипломатиясы ерекше рөл атқарады, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Нурдинжон Исмоилов Қасым-Жомарт Тоқаевқа кездесуге уақыт бөлгені үшін алғыс білдіріп, Өзбекстан Президентінің ізгі тілегі мен сәлемін жеткізді.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.