Кеше Францияның мемлекеттік кеңесі экс-банкир Мұхтар Әблязовты Ресейге экстрадициялау туралы шешімнің күшін жойып, оны бостандыққа жіберген болатын. Бүгінде БТА-банктің бұрынғы басшысы үйіне оралып, отбасымен бірге деп хабарлады оның қызы Мадина Әблязова.
Мұхтар Әблязовтың отбасымен бірге түскен суретін туғандар әлеуметтік желілерге салып, сүйінші сұрасуда.
Айта кетейік, былтыр күзде Франция үкіметі Мұхтар Әблязовты Ресейге беру туралы шешім шығарған.
БТА-банкінің бұрынғы басшысы Францияда 2013 жылы ұсталған болатын. Ресей оны 5 млрд долларды алаяқтықпен жымқырды деп айыптаса, Украина соты оның 400 млн долларға алаяқтық жасағанын алға тартып отыр. Қазақстан тарапы да экс-банкирді миллиардтаған долларды алып, шетел асқаны үшін сырттай соттады.