Қазақстан әскерінде жас сарбаздарға әлімжеттік әлі бар. Оның басты себебі - офицерлердің адамгершілігінің төмендігі. Бұл туралы запастағы офицер, Алматы құрлық әскері университетінің түлегі Эмин Джаббаров «Өзгеше» подкаст алаңында айтып берді.
Ол - әлімжеттік тек шұғыл әскери қызметін өтеп жүргендердің мәселесі ғана емес дейді.
«Міндетті әскери қызметін өтеп жүргендерге офицерлер қысым көрсететініне сенімдімін. Әлімжеттік те олардың рұқсатымен болады. Біз әскердегі әлімжеттік мәселені көтерген кезде офицерлердің реакциясына тап боламыз. Олар қатаң тәртіп болуы керек дейді, «соғыс бола қалса, сарбаздар бұйрықты бұлжытпай орындауы керек», - дейді ол.
Алайда, офицердің қолындағы билікті қолдануы - ниетіне байланысты. Сол билікті жеке басының мүддесі үшін қолдануынан «дедовщина» пайда болады. Ал офицердің этикасы жоғары болса, онда өзін ұстайды. Бірақ, қазіргі жағдайда офицерлердің бойында жоғары адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру өте қиын. Мен тіпті оны қалай қалыптастурға болатынын да білмеймін», - дейді сарапшы.
Еске салсақ, ҰҚК шекара қызметі Маңғыстауда қаза тапқан сарбаз өлімінің алдын ала себебін айтып, қол жұмсауына әскери қызмет өткеруі емес, отбасылық-тұрмыстық мәселелер әсер еткен деп хабарлады.
Әскердегі қайғылы жағдайдан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан армиясындағы әскери қызметшілер арасында өлім-жітімнің жиілеуіне байланысты арнайы комиссия құруды тапсырды.
Дереккөз: halyq-uni.kz