Үкімет бағаны ұстап тұру үшін 100 млрд теңге бөлген. Алайда бұл қаржы жағдайды оңалтпаған. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Халық қалаулысының сөзінше, үкімет бөлген қаржының 81 миллиарды сауда желілеріне несие беру үшін, ал 16,8 миллиард теңге тұрақтылық қорларын жасау үшін жұмсалған.
"Пайдасы жоқ. Одан да бұл қаржыны тікелей халыққа таратып берген дұрыс. Бізде 1 миллионға жуық адам кедейлікте өмір сүріп жатыр. Бағаның көтерілуінен бірінші солар зардап шегеді. Егер бағаны ұстап тұра алмасаңдар, тікелей халықты қолдаңдар, әлеуметтік қорғалмаған топқа субсидия беріңдер. Ақшаны сауда желісіне таратқанға қарағанда пайдасы көп боларына сенімдімін", – деді А.Жамалов.
Айта кетейік, бүгін бір топ депутат Үкіметтің бюджет туралы есебін бекітуден бас тартты.