05.10.2022, 14:21

«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ұсынды

Съезд делегаттары бірауыздан Қазақстан Республикасы Президенттігіне Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдап дауыс беріп, тиісті қаулы қабылдады.

Астанада «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің кезектен тыс Х съезі өтті. Съезд жұмысына еліміздің барлық өңірінен 101 делегат қатысты.

Өз кезегінде, «Ардагерлер ұйымы» РҚБОрталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов еліміз үшін маңызды саяси науқанға әзірлік басталғанын атап өтті. 

«Съездің күн тәртібіне Қазақстан Республикасы Президенттігіне  кандидат ұсыну мәселесі тұр. Бізге бүгінгі сынаптай сырғыған уақытта әлемдік саясаттың жағдайын жақсы түсінетін, ел мүддесі үшін қажет кезде батыл шешім қабылдап,  көш бастай алатын саяси тұлға қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев – мықты саясаткер. Оның халықаралық қауымдастық мойындаған жоғары біліктілігі, білімі мен толайым тәжірибесі елімізді жаңа белестерге жетелейтініне сенімдімін», – деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Съезд делегаттары бірауыздан Қазақстан Республикасы Президенттігіне Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдап дауыс беріп, тиісті қаулы қабылдады.