Соңғы екі аптада Ресей мен Украина соғысы мүлдем басқа арнаға бұрылды. Ресейде ішінара мобилизация жариялағаннан кейін соңғы 15 күннің ішінде федерация аумағынан шамамен 700 мың адам кеткен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ресей президенті Владимир Путин орыс күштерінің Украинада жаулап алған Донецк, Запорожье, Луганск облыстарын және Николаев пен Херсон облыстарының бір бөлігін Ресей құрамына қосу туралы келісімге қол қойды. Енді осы төрт аймақ қағаз жүзінде Ресейдің территориясында.
Алайда іс жүзінде Ресей бұған дейін өз бақылауына алған жерлерден көз ілеспес жылдамдықпен айырылып жатыр. Мәселен, Украина Лиман қаласынан бөлек Донецк облысына қарасты 5 елді мекенін азат етті. Бұл елді мекендердің қатарында Ямполь, Новоселовка, Шандриголово, Дробышево, Ставки ауылдары бар. Ресей басып алған жерімізді түгел қайтарып алғанша тынбаймыз, деген сөзі шындыққа айналып келе жатқан секілді. Сонымен қатар, Украина президенті Путинмен келіссөздерден ресми түрде бас тартты. Киев Путин президент болып тұрғанда Ресеймен келіссөздер жүргізу мүмкін емес екенін мәлімдеп, Путинмен келісім жасауға тыйым салатын жарлық енгізді. Зеленский: “Агрессор ел жолындағының барлығын жайпап жатыр. Тіршіліктің барлық сипатын, экономиканы, әлеуметтік саланы, мәдениетті т.б. Бұны тоқтатудың жалғыз жолы - жерімізді азат ету. Біз Украинамыздың барлық территориясы жаудан азат етілетініне бек сенімдіміз", - деді.
Путин Ресей басып алған Украина елді мекендеріне кез келген шабуылға қатаң жауап беретіндерін мәлімдеді. Оның ішіндегі ең қуатты қаруды қолданатынын хабарлаған еді. Бұл ядролық қару яғни атом бомбасы.
Путиннің осы сөзінен кейін «ядролық қаруды қолдану мүмкін бе», деген пікірлер сан саққа бөлініп жатыр. Батыстың ақпарат құралдары АҚШ-тың әскери генералы, Орталық барлау басқарма басшысы Дэвид Петреустың пікірін жарыса жазды. «Егер Ресей Украинаға қарсы ядролық қару қолданса, АҚШ бірден соғысқа араласады. Украинадағы орыс әскерлерінің көзін құртып, Қара теңіздегі Ресей флоты толығымен жойылады», - деді Орталық барлау басқарма басшысы Дэвид Петреус.
Расын айту керек, көптеген сарапшылар бұған дейін Украина-Ресей соғысының арты ядролық қақтығысқа ұласуы мүмкіндігінің төмен екенін айтып келген еді. АҚШ пен НАТО Ресей ядролық қаруды пайдаланса, Мәскеуді жауапсыз қалдырмайтынын ескертіп отыр. Бүгінде Ресей мен АҚШ әлемдегі ядролық оқтұмсықтардың 90%-ын иеленіп отыр.
Ядролық қару стратегиялық және тактикалық қару болып екіге бөлінеді. Стратегиялық қару аса ауқымды соққы жасап, үлкен тәуекелге әкеледі. Украинаға қолдануы мүмкін деген қару - тактикалық қару. Бомбаның күші стратегиялық қарумен салыстырғанда күші аз, зақым жасау радиусы да төмен.
Мамандар не дейді?
Журналист Асхат Қасенғали өзінің парақшасында Ресей билігі Украинаға тактикалық қаруды пайдалануы мүмкін екенін айтады.
«Тактикалық радиолық қаруды қолдану арқылы Ресей билігі бірнеше мақсатты алға қояды. Бірінші, украин қоғамына жасалған психологиялық соққы беру. Себебі ядролық қарумен соққы беріп, Зеленскийге қысым жасау арқылы, түрлі келіссөздер жүргізуі мүмкін. Мәскеудің ең басты көздегені осы секілді. Осы ретте Украина қарсы шабуылды тоқтатып, Ресеймен келіссөзге келейік деп айту үшін ойластырылуы мүмкін. Сондай-ақ, тактикалық ядролық қаруды қолдану арқылы батысқа стратегиялық қаруды қолдануы мүмкін деген ойды білдіреді. Осылайша Батыс Украинаға беріп келген әскери және экономикалық көмегін тоқтатады деген, жоспарды ойластыруы әбден мүмкін. Бірақ, бұл ойдың жүзеге асуы да екі талай. Себебі, осыған дейін Украина Ресейдің бірталай психологиялық қысымынан өте білді,» - дейді Асхат Қасенғали.
Сол секілді әлеуметтанушы Айдар Хамит Ресей ядролық қаруды пайдалану қаупі барын жасырмайды.
«Ядролық қаруды Украинада пайдалануы мүмкін. Әсіресе Запарожье атом энерго стансасында жоғары ықтималдылық бар. Жағдай Атом Қуаты Халықаралық Агенттігі ұйымының тікелей бақылауында. Меніңше, бұл ядролық бопсалау сияқты. Шын мәнінде, Ресей ядролық қаруды соғыста емес, тек өз территориясында Украинаны қорқыту үшін ядролық сынақ өткізуі мүмкін, - деді сарапшы.
Қысқаша айтар болсақ, ядролық соғыс қаупі күшейіп келеді. Екі ел арасындағы қақтығыстың қашан аяқталатыны уақыт еншісінде.