Астанада Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесу өткізді. Алайда кездесуде мемлекет басшыларының не туралы сөйлескені белгісіз, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұған дейін Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Астанада Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитінде Ресей басшысының Түркия президентімен кездесуі болуы мүмкін екенін айтқан еді.
Ал бұған дейін Түркия тарапының да Ресей мен Батыс арасындағы келіссөздерді ұйымдастыруға ниетті екенін соның ішінде Украинамен соғысты тоқтату туралы сөз болатыны айтылған еді.
Түркия президенті Режеп-Тайып Ердоған Ресей-Украина арасындағы жағдайға алаңдаулы екенін бүгінгі саммитте де айтып қалды.
"Біз бәріміз өңірлік және жаһандық ауқымда Украинадағы дағдарыстың салдарын сезініп жатырмыз. Мен үнемі "әділ әлемге тек дипломатияның көмегімен қол жеткізуге болатынын" айтып жүремін. Соғыста жеңімпаз, ал әділ әлемде жеңілген жақ болмайды", - деді Ердоған Астанада өтіп жатқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің алтыншы саммитінде.
Ол соғыстың теріс әсерін жою бойынша БҰҰ мен тараптардың бірлескен күш-жігері бүкіл әлемнің қолдауына ие болғанын атап өтті.
"Украина астығын Қара теңіз арқылы экспорттау бойынша Стамбұл келісімі және өткен айда тұтқындарды алмасу – осы бағыттағы әжептәуір жетістік. Біздің мақсат – қиындықтарға қарамастан осы қарқынды сақтау және қантөгісті тезірек тоқтату", - деді Ердоған.