$ 498.34  519.72  4.85

«Мұндай жағдайға көне алмаспыз»: Смайылов сауда комитетінің басшысын қызметінен босатуды тапсырды

Осыған байланысты монополияға қарсы әрекет етудің шұғыл шараларын қабылдау қажет.

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктері басшылығының қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Осы жылдың 10 айында азық-түлік инфляциясы 20,5%-ға жеткен.

Өткен айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуі 0,8%-ды құрады. Атап айтқанда, жұмыртқа 7,6%-ға, ұн 3,9%-ға, күріш 3%-ға, сүт 2,2%-ға қымбаттады. Сонымен қатар бір апта ішінде сәбіз (0,8%), картоп (0,6%), қант және қырыққабат (0,1%) құны төмендеген.

Азық-түлік өнімдерінің көлеміне бағаны тұрақтандыру үшін астықты, жемшөп базасын және күнбағыс майын арзандату мәселесі жоспарлануда. Бұл ретте жұмыртқа, өсімдік майы, күріш сияқты жекелеген тауар позициялары бойынша нарық субъектілерінің жосықсыз әрекеттері байқалады.

"Абай облысына барған кезде Семейден 200 шақырым жерде орналасқан құс фабрикалары жұмыртқаны ондығына 360-380 теңгеден сатқан, ал соңғы сатып алушыға ол 600 теңгеден өткізілгені анықталды. Осыған байланысты монополияға қарсы әрекет етудің шұғыл шараларын қабылдау қажет. Сонымен қатар соңғы кездері баспасөзде жекелеген тауар өндірушілердің алдағы уақытта бағаның көтерілетіні туралы мәлімдемелері жариялануда. Бұл ретте тиісті түрде әрекет ету қажет",- деп ата өтті Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев. 

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қызанақ, қияр және жұмыртқа бағасының өсу себептерін талдау қорытындылары, сондай-ақ олардың бағасын тұрақтандыру жөніндегі ықтимал шаралар туралы баяндады. Ол кейбір тауар өндірушілер мемлекеттік субсидиялау көлемін ұлғайтуды сұрайтынын атап өтті.

"Биыл ауыл шаруашылығын субсидиялау екі есеге ұлғайтылды, бірақ оны алатындардың азық-түлік бағасын 20%-ға көтергенін көріп отырмыз. Мұндай жағдайға көне алмаспыз. Егер біз субсидия берсек, онда олар қарсы міндеттемелер қабылдауы керек. Субсидиялау жүйесі нақты жұмыс істеуі тиіс", - деді Әлихан Смайылов. 

Премьер-Министр азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты маңызды мәселелер бар екенін атап өтті.

Оның айтуынша, қызметін қайта форматтау тапсырылған баға белгілеу тізбегін тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысынан әлі де нәтиже жоқ және көкөніс сақтау қоймалары бойынша деректер базасын өзектендіру жүргізілмеген.

"Бұл – әкімдіктердің әлсіз жұмысының және Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктері тарапынан үйлестірудің жеткіліксіздігінің нәтижесі. Өз міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін аталған өңірлер әкімдерінің жетекшілік ететін орынбасарларын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырамын", - деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар Премьер-Министр Сауда және интеграция министрлігіне осы бағытқа жетекшілік ететін лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тартуға ұсыныс енгізуді, сондай-ақ Сауда комитетінің төрағасын қызметінен босатуды тапсырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары