$ 494.87  520.65  4.91

«Прокуратура туралы» Конституциялық заңның ерекшелігі неде?

Заң Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дайындалды.

Құқық қорғау институттарын күшейтуге бағытталған мемлекеттік басқару аппаратын реформалау және жетілдіру жағдайында осы бағытта бірқатар заңнамалық актілерді қабылдау қажеттілігі туындады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Бас прокуратура әзірлеген және 2022 жылғы 5 қарашада қабылданған негізгі заңдардың бірі – «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы (бұдан әрі – Конституциялық заң) болып табылады.

Мемлекет басшысы 2022 жылғы 16 наурыздағы өз Жолдауында прокуратура туралы Конституциялық заңды қабылдауды ұсынып, бірінші кезекте «заңдылық» қағидасының рөлін көтерді.

Прокуратура - Қазақстан Республикасында жоғары қадағалау функцияларын жүзеге асыратын жалғыз мемлекеттік орган.
Сондықтан ол заңдылықты сақтаудың тиімді құралы ретінде конституциялық мәртебесі бар заңмен қамтамасыз етілуі керек.
Конституциялық заңның ережелерімен прокуратураның қадағалау және басқа да өкілеттіктері жүйеленген.

Назар аударғым келіп отырған бір маңызды мәселе – ол прокуратураның құқық қорғау функциясын одан әрі нығайту. Адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары біз үшін басты басымдық болып қала бермек.

Конституциялық заңның 10-бабында аудандық прокуратуралардан бастап Бас прокуратураға дейінгі әрбір буын прокурорының өкілеттіктері нақтыланып, құқықтары мен міндеттері белгіленген.
Көрсетілген буындар арасында өзара жедел іс-қимыл жасау жеткілікті жолға қойылған, Бас прокуратураның әрбір құрылымдық бөлімшесі өз желісі бойынша жетекшілік ететін мәселелерді төмен тұрған прокуратуралармен басынан аяғына дейін пысықтайды.

Құқық қорғау әлеуетін күшейту мақсатында біз тексерулерді тағайындау негіздерін кеңейтіп қана қоймай, тексерулерді тағайындауға және жүргізуге құқылы лауазымды адамдардың тізбесін толықтыра отырып, прокурорларға жеткілікті өкілеттіктер береміз.

Осылайша, тексерулерді тағайындайтын лауазымды адамдар қатарына әскери және көлік прокуратура органдарының басшылары қосылды. Бұл олардың шешім қабылдау деңгейіндегі тәуелсіздігін күшейтеді.

Жалпы, Конституциялық заңда 48 баптан тұратын 7 тарау бар.
Бірінші тарауда прокуратура органдары қызметінің мақсаттары мен принциптері, құқықтық негіздері және олардың қызметінің басқа да мәселелері көрсетілген.

Екінші тарау құзыреттілік мәселелері мен прокуратура жүйесіне арналған. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің, Құқық қорғау органдары академиясының, әскери прокуратура және көлік прокуратурасының функциялары бейінді заңнамалық актіде алғаш рет бекітілгенін атап өту қажет, бұл бұрын қолданыста болған заңда болмаған.

Конституциялық заңның үшінші тарауында жоғары қадағалаудың шектері мен объектілері айқындалған, олар заңдылықтың сақталуын тексеру, заңдылықтың жай-күйін талдау және күшіне енген актілерді бағалау нысанында жүзеге асырылады.
Тексеру жүргізу үшін Президенттің немесе Бас Прокурордың тапсырмалары, сондай-ақ аумақтық және мамандандырылған прокурорлардың, әскери және көлік прокуратуралары органдары басшыларының шешімдері негіз болады.
Бұл ретте, прокуратура өзге мемлекеттік органдардың функцияларын алмастырмайды. Бұл негізгі қағидалардың бірі ретінде Конституциялық заңның 5-бабында белгіленген.

Тексеруді тағайындау мәселелері бойынша облыстық және аудандық буын прокурорларының өкілеттіктеріне жеке тоқталамын, өйткені тексеруді тағайындау және жүргізу үшін қатаң белгіленген негіздер тізбесі айқындалған.

Мәселен, Конституциялық заңның 18-бабында субъектілердің 5 санаты көрсетілген, атап айтқанда:
1) физиологиялық ерекшеліктеріне, психикалық ауытқуларына және өзге де мән-жайларға байланысты өздерін қорғауды өз бетінше жүзеге асыра алмайтын адамдардың;
2) кәмелетке толмаған адамдардың;
3) адамдардың шектелмеген тобының;
4) егер бұл адамдардың өмірі, денсаулығы не елдің қауіпсіздігі үшін орны толмас зардапты болғызбауға қажет болса, адамдардың, қоғамның және мемлекеттің;
5) мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары тарапынан жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне араласу фактілері бойынша олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін прокурорлар тексерулер тағайындай алады.

Алайда егер Президенттің немесе Бас Прокурордың тиісті тапсырмасы болса, біз тексеруді тағайындау кезінде бұл өлшемшарттар шегінен шыға аламыз. Бұл да Конституциялық заңда көрсетілген.
Жоғары қадағалаудың тағы бір түрі - заңдылықтың жай-күйін талдау. Қадағалаудың бұл нысаны камералдық, яғни тексеру объектісіне бармай-ақ, қашықтан жүзеге асырылады.

Талдау жүргізу маңызды құрал болып табылады, өйткені бұл жағдайда қадағалау тексеру объектісінің қызметіне араласпай жүзеге асырылады, бұл ұйымның қызметіне оң әсер етеді және оның негізгі қызметіне кедергі келтірмейді. Ол статистикалық мәліметтер, ақпарат көздері, сот материалдары және басқа ақпарат негізінде жүзеге асырылады.
Талдау нәтижелері тексеру жүргізуге немесе прокурорлық қадағалау мен ден қою актісін енгізуге негіз бола алады.
Конституциялық заңда күшіне енген актілерді бағалауды жүзеге асыру тәртібі айқындалды. Актілерді кім және қандай мәселе бойынша бағалайтыны нақты анықталған.

Күшіне енген актілерді бағалау Қазақстан Республикасы Үкіметінің, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, олардың лауазымды адамдарының актілері мен шешімдерін зерделеу жолымен жүзеге асырылады.
Сондай-ақ меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдардың актілері мен шешімдеріне, егер олар өз құқықтарын қорғауды өз бетінше жүзеге асыра алмайтын адамдарға, кәмелетке толмаған адамдарға, сондай-ақ адамдардың шектелмеген тобына қатысты болса не жария сипатқа ие болса,  баға беріледі.

Сондай-ақ қылмыстық, міндетті санаттағы азаматтық, әкімшілік істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша соттың (судьяның) үкімдерін, шешімдерін, қаулыларын және өзге де актілерін бағалау жүзеге асырылады.
Сонымен бірге заңды күшіне енген сот актілерін бағалау қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнама, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу туралы және әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада көзделген тәртіппен жүргізіледі.
Бұдан басқа, мемлекет мүдделерін білдіру шеңберінде сотта прокурордың өз бастамасы бойынша, егер оны өз бетінше қорғауды жүзеге асыра алмайтын адамды қорғау, сондай-ақ қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау талап етсе, оның кез келген сатысында процеске қатысу өкілеттігі бекітілген.

Азаматтар мен заңды тұлғалардың жолданымдарын қарау да прокуратура органдарының маңызды функциясы болып болып табылады.

Прокуратура келесі жолданымдарды қарайды:
1) адамның және азаматтың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтарын және заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру үшін, егер бұл мүдделерді қорғауды құзыретіне тиісті өкілеттіктер жатқызылған уәкілетті орган тиісті түрде қамтамасыз етпесе не мұндай орган болмаған жағдайларда.
Мысалы, тәжірибеде дербес деректерді қорғау, акцизделген тауарларды жарнамалау, темекі өнімдерінің айналымы және т.б. саласында уәкілетті органдар болмаған жағдайлар анықталған.
Осыны ескере отырып, біз уәкілетті орган болмаған жағдайда жолданымдарды қарау мүмкіндігін енгіздік;
2) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысына және ұлттық қауіпсіздігіне төнген қатерді болғызбау мақсатында.
«Қаңтар оқиғалары» біздің мұндай қауіптердің туындау қаупін толығымен жоққа шығара алмайтынымызды айқын көрсетті. Сондықтан прокуратура кез келген уақытта олардың алдын алу мүмкіндігіне ие болуы керек;
3) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру үшін олардың қызметіне заңсыз араласу фактілері бойынша;
4) жойылмауы адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге алып келетін заңдылықтың бұзылу фактілері бойынша.

Сондай-ақ Президент пен Бас Прокурор заңда көзделген кез келген негіздер бойынша тексеру жүргізуді тапсыруға құқылы.
Прокуратура актілері туралы тарауда олардың жүйесі, нысандары, әрқайсысының сипаттамасы, қабылдау негіздері мен реттеу нысандары көрсетілген. Прокуратура актілерінің жүйесін бұрынғыдай прокурорлық ден қою актілері, прокурорлық қадағалау актілері және прокуратура органдарының ұйымдастырылуы мен қызметінің мәселелерін реттейтін актілер құрайды.
Қадағалау актілерін прокурорлар жүргізілген тексеру, талдау, актілерді бағалау және азаматтардың жолданымдарын қарау нәтижелері бойынша, сондай-ақ прокуратура органдарының өзге де функцияларын орындау нәтижелері бойынша шығарады.
Атап айтқанда, прокурорлар сотқа дейінгі тергеп-тексеру, жедел-іздестіру, атқарушылық іс жүргізу, жазаларды орындау және басқа да мәселелер бойынша жазбаша нұсқаулар береді.

Прокурор заңдылықтың бұзылуын, қылмыстық және өзге де құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген басқа да жағдайларда ұсыну енгізеді.
Оның үстіне, прокурордың заңды талаптарын орындамау, прокуратура актілерін қарамау немесе сапасыз қарау заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
Мысалы, прокурордың ұсынуы бойынша шаралар қабылдамағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 664-бабы бойынша әкімшілік жауаптылық көзделген. Прокурордың қаулысын орындамау ӘҚБтК-нің 664-1-бабына сәйкес  жауаптылыққа әкеп соғады.
Тағы бір айта кететін жағдай, маусым айында жүргізілген конституциялық реформа Бас Прокурорға жаңадан құрылған Конституциялық Сотқа жүгіну құқығын берді.

Заңнамалық актілерде Бас Прокурордың жүгінуінің үш негізі айқындалған, оларға мыналар жатқызылған:
- елдің халықаралық шарттары ратификацияланғанға дейін олардың Конституцияға сәйкестігін қарау;
- Конституция нормаларын ресми түсіндіру;
- нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру.
Сонымен қатар Бас Прокурор Жоғарғы Сотқа сот практикасына түсіндірме беру туралы ұсыну жіберуге құқылы.
Жалпы, қабылданған «Прокуратура туралы» Конституциялық заң заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғамның, бизнестің және мемлекеттің мүдделерін қорғауға және қалпына келтіруге мүмкіндік беретін тиімді тетіктерді бекітті.

Прокуратураның құқық қорғау әлеуетін күшейту, жүзеге асырылып жатқан қызметтің кепілдіктерін нығайта отырып, біздің жүйемізді жоғары қадағалау органы ретінде жаңғыртуға мүмкіндік береді деп ойлаймын.


Сапарбек  Нұрпейісов, Бас прокуратураның 
Қоғамдық мүдделерді қорғау 
қызметінің бастығы 3-сыныпты
 мемлекеттік әділет кеңесшісі  
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары