$ 486.44  534.31  5.06

Тоқаев пен Мирзиёев кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Тоқаев елдеріміз бүгінде мемлекетаралық серіктестікке үлгі болатындай берік әрі үйлесімді қарым-қатынас орнатқанын атап өтті.

Шағын құрамдағы кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ақорданың бапсасөз қызметі.

Президенттер сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, соның ішінде өзара тауар айналымын ұлғайтуға, инвестиция тартуға, өнеркәсіп, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, құрылыс, транзит әлеуеті және көлік логистикасы салаларындағы кооперацияны дамытуға баса мән берді. Сондай-ақ білім беру және мәдени-гуманитарлық салаларда өзара іс-әрекет мәселесі де талқыланды.

Мемлекет басшысы шағын құрамда өткен келіссөз нәтижесіне жоғары баға беріп, екіжақты ынтымақтастықты достық, тату көршілік қарым-қатынас және өзара қолдау рухында кешенді түрде кеңейтуге ниетті екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев елдеріміз бүгінде мемлекетаралық серіктестікке үлгі болатындай берік әрі үйлесімді қарым-қатынас орнатқанын атап өтті.

"Одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа қол қою біздің мемлекетаралық байланыстарымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Егер біз шартты тарихи маңызы бар құжат деп атайтын болсақ, бұл асыра айтқандық емес деп ойлаймын. Бұл аса маңызды құжат біз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады және екі елдің өзара ынтымақтастықты нығайтуға деген ортақ ұмтылысын білдіреді. Бұдан бөлек, бүгін Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекараларын демаркациялау туралы шартқа қол қойылады. Бұл тарихи келісім Қазақстанның оңтүстігіндегі мемлекеттік шекарасын халықаралық-құқықтық тұрғыда рәсімдеу ісін толығымен аяқтайды", – деді Президент.

Мемлекет басшысы одақтастық қарым-қатынасты нығайту жолындағы бірлескен іс-әрекеттер бүкіл Орталық Азияның орнықты дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосатынын атап өтті. 

Сонымен қатар келіссөз барысында президенттер екіжақты ынтымақтастықтың саяси тұғырнамасын бекемдей түсетін Жоғары мемлекетаралық кеңес пен Парламентаралық кеңес құру жөнінде уағдаласты.

Қасым-Жомарт Тоқаев тараптар түрлі халықаралық құрылымдар мен механизмдер аясында табысты жұмыс жүргізіп келе жатқанын айтты. Өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша Қазақстан мен Өзбекстанның ұстанымдары ортақ, көзқарастары ұқсас.

Өз кезегінде Шавкат Мирзиёев шағын құрамдағы келіссөздің нәтижелі болғанын атап өтіп, тауар айналымының ұлғайғанына және бірлескен жобалардың сәтті жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.

"Сіздің мемлекеттік сапарыңыз біздің ғасырлар бойы қалыптасқан достық, тату көршілік және өзара қолдау сипатындағы байланыстарымыздың қаншалық берік екенін тағы нақтылай түседі. Біздің халықтарымыздың тарихы мен тағдыры бір-бірімен біте қайнасқан. Елдеріміздің тарихи тамыры ортақ әрі біз өзекті мәселелерді бірлесе шешеміз",   –  деді Өзбекстан Президенті.

Сондай-ақ тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстардың дамуына оң баға берді. Екі ел халқының ортақ рухани-мәдени құндылықтарын байыта түскен Қазақстан мен Өзбекстанның мәдениет күндері табысты өтті. Сондай-ақ елдеріміздің білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселесі де қарастырылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары