Бүгін өткен Қазақстан футбол федерациясы тәртіптік-бақылау комитетінің (ТБК) мәжілісінде футболшы Никола Тоневтің Қазақстан азаматтығын заңсыз жолмен алғандығы туралы мәселе қарастырылып, «Тобыл» футбол клубына 700 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Сондай-ақ, Қазақстан футбол федерациясы ресми сайтының мәлімдеуінше, «Тобыл» командасының турнир кестесіндегі үш ұпайы шегерілді.
Ал Никола Тоневке оның Қазақстан Республикасының азаматы екендігін куәландыратын төлқұжатты заңсыз жасатқаны үшін 2014 жылдың 6 тамызынан бастап ҚФФ аясында өтетін барлық додалардан мәңгілікке аластатылып, 500 000 теңге айыппұл салынды.
Бұл мәселемен айналысушы Қазақстан кәсіби футбол лигасы комиссияның да, тәртіптік бақылау комитетінің мәжілісіне де келмеуі себепті Н. Тоневтің өзінен түсініктеме ала алмаған.