Тиісті шешім Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының конференциясында қабылданды.
Ольга Рыпакова Даниал Ахметовтің орнына жеңіл атлетика федерациясының президенті қызметіне келді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Даниал Ахметов өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтататынын мәлімдеп, бұл қызметке Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакованы ұсынды.
Спорт министрі Ербол Мырзабосынов жеңіл атлетикадағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, спортшылар мен резервтерді дайындауға баса назар аударуды тапсырды.
Министр Ербол Мырзабосынов жеңіл атлетика федерациясын бірнеше жыл басқарған Даниал Ахметовке жемісті қызметі үшін алғыс білдіріп, президенттікке тағайындалған Ольга Рыпакованың қызметіне сәттілік тіледі.
– Жеңіл атлетика – елдегі ең танымал спорт түрлерінің бірі. Қазіргі таңда 360 мыңнан астам отандасымыз дәл осы спорт түрімен кәсіби түрде айналысады. Сондықтан біз бұл спортты жаңа деңгейге көтеріп, оның халықаралық аренада танымалдылығын арттыруымыз қажет. Бүгінгі жиында федерацияның жұмысына қатысты маңызды өзгерістер болып жатыр. Федерацияны бірнеше жыл басқарған Даниал Ахметов қызметінен кетіп жатыр. Оған атқарған жұмысы үшін алғыс білдіремін. Даниал Кенжетайұлының басшылығымен біздің атлеттер халықаралық жарыстарда үлкен жетістіктерге жетті. Енді федерация президенттігіне Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова келіп отыр. Ольга Сергеевнаның отандық жеңіл атлетиканың дамуына қосқан үлесі мол. Алдағы уақытта да еліміздің жеңіл атлетика спортын биіктерге көтереді деп сенеміз, - деп атап өтті Ербол Мырзабосынов.