Елордалық клуб қарсыласына 0:1 есебімен есе жіберді.
Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 9 қаңтарда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Лада» (Тольятти) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Екі команда төрт күн бұрын елордада кездескен еді. Бұл ойында ресейлік клуб 5:0 есебімен жеңіске жетті. Жанкүйерлер көкейінде сол кеткен есені қазақстандық команда қайтара ала ма деген сауал болды.
Алғашқы екі кезеңде командалар тартысты ойын өткізді. Дегенмен бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.
Үшінші кезеңде қос қарсыластың гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болды. Ойынның 54-минутында қазақстандық команданың өрескел қателігін шебер пайдалана білген Александр Государев өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ.
Осылайша елордалық клуб қарсыласына 0:1 есебімен есе жіберді. Бұл - олардың қатарынан тоғызыншы жеңілісі.
Айта кетсек, қазір турнир кестесінде «Барыс» 24 ұпаймен 22-орында тұрса, «Лада» 37 ұпаймен 18-орынға көтерілді.
Айта кетсек, елордалық клуб бұдан кейінгі тағы бір ойынын сырт айдында өткізіп, 11 қаңтарда Ресейдің «Ак Барс» (Қазан) командасымен шеберлік байқасады.