27.08.2025, 10:40

«Топтық кезеңге өтеміз деп өзіміз де ойламадық» – «Қайраттың» бас бапкері

Фото: ФК Қайрат

Матч аяқталысымен баспасөз мәслихаты өтіп, алматылық клубтың бас бапкері ойыннан кейінгі пікірімен бөлісті. 

«Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққаннан кейінгі баспасөз мәслихатында шәкірттерімен бөліскен әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

"Басты мақсатымыз – чемпионатта жеңіске жету еді. Кубок алу, сондай-ақ Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығу. Сол меженің біріне қол жеткіздік. Шынымды айтсам, дәл қазір топқа өтеміз деп сенген жоқпыз. Кем дегенде Конференциялар лигасында ойнасақ та жеткілікті деп ойлағанбыз. Бірақ, міне, армандар орындалды. Жігіттерге де айттым: «Мақсатымызды орындадық». Енді қай бағытта жұмыс істейміз, оны уақыт көрсетеді. Болжам жасағанды ұнатпаймын, бәрі біртіндеп орындалғаны жақсы. Өзіміздің де әлі сенер-сенбесімізді білмейміз", – деді ол.

Сонымен қатар, бапкерден топтық кезеңдегі ықтимал қарсыластар жайлы сұралды.

"Шынын айтсам, ешқашан ойлап көрмеппін. Бірақ бір қызық жайтты айтайын. Матч алдындағы нұсқаулар кезінде жігіттерге топтық кезеңде күтіп тұрған клубтардың тізімін көрсеттік. Қағазға басып шығарып, киім ауыстыратын бөлмеге іліп қойдық. Олардың бәрі – Еуропаның алпауыт командалары. Бұл қадам ойыншыларға жігер берсін дедік. Әрине, барынша мықты клубтарға қарсы ойнағанды қалаймыз. Өйткені мұндай мүмкіндік өмірде, бәлкім, бір-ақ рет келуі мүмкін. Біздің стадион да Глазгодағыдай болса ғой", – деді Уразбахтин.

Айта кетейік, бүгін алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде Шотландияның «Селтик» клубын пенальти сериясында (3:2) жеңіп, тарихында тұңғыш рет Еуропаның ең беделді турнирінің топтық кезеңіне жолдама алды.