02.12.2025, 18:20

«Өзімді танытатын уақыт келді»: Жәнібек Әлімханұлы жекпе-жек алдында маңызды үндеу жасады

Фото: instagram.com/zhanibek.alimxanuly

Оның қарсыласы – WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы кубалық Эрисланди Лара (31-3-3, 19 KO).

Орта салмақта WBO және IBF белбеулерінің иегері Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) 6 желтоқсан күні АҚШ-та маңызды жекпе-жек өткізеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оның қарсыласы – WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы кубалық Эрисланди Лара (31-3-3, 19 KO).

Бұл айқас Жәнібек Әлімханұлы үшін WBA, IBF және WBO тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеулерді біріктіретін аса маңызды айқас болмақ.

Жәнібек Әлімханұлы бұл жекпе-жектің алдында үндеу жасады.

"Мен әуесқой бокста Азия чемпионатына, әлем чемпионатына, Олимпиадаға қатыстым, әлемнің барлық елін араладым. Енді өзімді, қазақ стилін әлемге танытатын уақыт келді", – деді Жәнбек Әлімханұлы.

Айта кетейік, егер Жәнібек бұл жекпе-жекте жеңіске жетсе, ол үш чемпиондық белбеуді біріктірген тұңғыш қазақстандық боксшы атанады. Қазір WBC титулы доминикандық Карлос Адамеске тиесілі.

Еске салсақ, Жәнібек Әлімханұлы мансабында 17 жекпе-жектің барлығында жеңіп, оның 12-сінде нокаут тіркеген. Ал 42 жастағы кубалық Эрисланди Лара, кәсіби мансабында 37 жекпе-жек өткізіп, оның 31-інде жеңіске жеткен, 3 рет жеңілген және 3 мәрте тең түскен.