03.12.2025, 16:00

«Допингтен өте алмай қалу – ұят»: Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жектен шеттетілуі қызу талқылануда

Фото: instagram.com/nolimit_aus

Боксшының өзі қашанда таза спортты қолдайтынын айтады.

Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) осы тұжырым бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының допинг тесттен өтпей қалуына қатысты ресми мәлімдеме жариялады. WBO ерікті допингке қарсы қауымдастықтан (VADA) талдау қорытындысы туралы ресми хабарлама алғанын растады,-деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.

Талдау нәтижесі кері шықса, салдары қандай болатынын журналист Нұрбек Бекбау Facebook-тегі парақшасында ашып жазды.

«Жәнібектің анализінен тыйым салған заттың ізі табылды», деп жатыр. Айқас болмайды! Бірден айтайық: Жәнібек кінәлі, деген сөз емес. Шарт бойынша, тексеріс толық біткенше ұйымдастырушылар жекпе-жекті өткізе алмайды. Неге?

Мұның астарында үш себеп бар:

1. VADA тексерісі аяқталмайынша ешбір промоутер тәуекелге бармайды. Егер кейін допинг расталса, нәтижені күшін жою, қаржылық шығын, келісімшарт дауы басталады. Сол үшін барлығы үкім шыққанша күте тұрады.

2. Қарсылас тарап – Жәнібектің допинг ішкен-ішпегенін нақ білмей, шартқа қол қоймайды. Бұл — қалыпты құбылыс.

3. Допингке тексеру жүріп жатқан спортшының рингке шығуына рұқсат ету — регламентке қайшы. Сондықтан лицензия автоматты түрде уақытша тоқтайды.

Жекпе-жек тоқтатылды, бірақ бұл соңғы нүкте емес. Енді барлығы – «B» үлгісінің нәтижесіне қарап тұр.

САЛДАРЫ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?

Бұл оқиғаның бірнеше вариант салдарын көріп тұрмын.

1. «B» үлгісі таза болса — мәселе жабылады.

Солай болса екен,-деп тілеп отырмыз осы нұсқаны. Егер екінші анализде тыйым салынған зат расталмаса, Жәнібек толық ақталады. Жекпе-жек қайта белгіленуі мүмкін, беделіне де айтарлықтай нұқсан келмейді. Мұндай жағдайлар спортта болып тұрады.

2. «B» үлгісі де оң шықса ше?

Ең әуелі уақытша дисквалификация берілуі мүмкін. ВADA мен спорттық комиссиялар істің мән-жайын тексереді: зат қайдан шықты, кездейсоқ ластану бар ма, дәрі-дәрмек құрамынан не анықталды.

Бұл — автоматты түрде кінәлі дегенді білдірмейді, бірақ процесс созылады.

3. Егер толық расталып-дәлелденсе — батырымыз белдікті жоғалтуы мүмкін.

Егер тиым-зат қолданды, - деп шешсе, чемпиондық белдіктерді қайтарып алу қаупі бар. Бірақ бұл үшін өте нақты дәлелдер қажет. Соңғы жылдары бокс ұйымдары бірден кесім жасамайды — бәрін жан-жақты тексереді.

4. Репутациялық әсер.

Халық арасында түсінбеушілік туады, бірақ спортшылар бұрын да осындай дауға қалып, кейін толық ақталып шыққан. Ақпараттық шу біразға дейін жалғасады.

Қысқасы, бәрі «B» үлгісіне байланысты. Ол таза болса — қалғанының бәрі өзінен-өзі шешіледі. Ал әзірге дүрлігудің қажеті жоқ: талай чемпион дәл осындай жағдайдан аман шыққан», - деп жазды ол.

Ал, журналист Серғали Балажан допингтен тұтылу ұят жағдай деп отыр.

«Жәнібектің рұқсат етілмеген препаратты әдейі қолданбағанына сенімдімін. Бірақ, сен үш бірдей белбеу үшін төбелесейін деп жатып, допингтен өте алмай қалуың – ұялатын нәрсе.

Оған да Жәнібекті жазғырмаймын. Шынын айту керек, ақшасы көп боксшы емес, демеушілері де үлкен компаниялар емес, жеке адамдар. Сондықтан да командада білікті мамандар ұстай алмайды. Әйтпесе, осы жекпе-жекке тыңғылықты дайындар еді солар.

Былтыр да салмақ қуа алмай құлап қалғаны сол білікті мамандардың болмауынан. Басқа себебі жоқ. Тап-тамаша боксшыға обал болды шыны керек», - деп жазды ол.

Боксшының өзі қашанда таза спортты қолдайтынын айтады.