12.12.2025, 12:40

Жәнібек Әлімханұлын ауыр жағдай күтіп тұр – танымал боксшы Амир Хан

Коллаж: sn.kz

Ол атақты боксшы, World Boxing президенті Геннадий Головкинмен қарым-қатынасы туралы да айтты.

Жартылай орта салмақта WBA және IBF нұсқалары бойынша бұрынғы әлем чемпионы Амир Хан қазақстандық боксшылардың мүмкіндіктеріне баға беріп, Жәнібек Әлімханұлына қолдау көрсетті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы 1bol.kz-ке сілтеме жасап.

«Биыл ғана Қазақстанда болдым. Қазақстан бокс федерациясының басшыларымен және көптеген адамдармен кездестім. Шамамен алты ай бұрын ғой. Қазақстанда өте керемет уақыт өткіздім.Ондағы бокстың деңгейі өте жоғары. Қазақ боксшылары әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында үнемі алтын медаль алады. Қазақстан бокста мықты екенін бәрі біледі, мен де қазақ боксының үлкен жанкүйермін», - дейді Амир Хан.

Ол атақты боксшы, World Boxing президенті Геннадий Головкинмен қарым-қатынасы туралы да айтты.

«Triple G» – Геннадий Головкинмен жақсы доспыз. Қазір ол Олимпиада комитетін басқарады. Оның осындай үлкен істер атқарып жүргені қуантады. Жалпы, Қазақстан – бокстан алдыңғы қатарда тұратын мемлекеттердің бірі», - деді танымал боксшы.

Ол сонымен қатар отандық боксшылармен шаршы алаңда кездескенін де еске алды.

«Бірақ рингте ешбір қазақстандық мені жеңе алған жоқ. Шаршы алаңда кездескен Қазақстан боксшыларының бәрін жеңдім», - деп әзілдеді ол.

Британиялық боксшы Геннадий Головкиннің Халықаралық даңқ залына енуі де үлкен мәртебе екенін алға тартты.

«Головкиннің Даңқ залына енуі – заңды нәрсе. Ол – аты дардай, керемет боксшы. Мұндай мәртебеге толық лайық. Оның боксқа қосқан үлесін, жанкүйерлерге сыйлаған тамаша айқасын бәріміз білеміз, - деді Амир Хан.

Сондай-ақ спортшы қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлына да қолдау көрсетті.

«Жәнібек Әлімханұлына қатысты жағдайды да көрдім. Толық ақпаратты білмеймін, тек қандай да бір допинг сынағына байланысты мәселе болғанын оқыдым. Бұл әдейі жасалған қателік пе, әлде түсініспеушілік пе, ол жағын нақты айта алмаймын. Бірақ мен оған тек жақсылық тілеймін. Жәнібекті жақсы көремін, ол – өте мықты боксшы. Көп боксшылар одан қашқақтап, онымен кездескісі келмейтін.

«Оны ауыр жағдай күтіп тұрғанын білемін, бірақ бәрі реттеліп, рингке қайта оралса екен деп тілеймін. Өйткені ол – көрерменін қуантатын спортшы. Бәлкім бұл біреудің қатесі болған шығар. Жәнібектің ондай іске әдейі бармайтынына сенемін», - деді британиялық былғары қолғап шебері.

Экс-чемпионнан орта салмақ өкілі Мейірім Нұрсұлтановтың WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы Карлос Адамеспен өтуі мүмкін кездесуіне қатысты да ойын білдік.

«Нұрсұлтанов туралы көп нәрсе білмейді екенмін. Оның Карлос Адамеспен жекпе-жекке шығатынын жаңа естіп отырмын. Адамес – өте мықты боксшы. Қозғалысы жақсы, соққысы жойқын. Бұл қызықты айқас болғалы тұр.Адамес соңғы жекпе-жегінде менің жақын досым Хамза Ширазбен тең түскен. Егер ол тағы да чемпион болғысы келсе, алдағы айқаста міндетті түрде жеңуі керек. Бұл титулдық жекпе-жек пе? Егер солай болса, әлем чемпионы атануға тамаша мүмкіндік екен», - деп қосты Хан