Бүгін Данияр Елеусіновтің өзі бұл мәселені нақтылап, Еркебұлан Тоқтарға қолдау білдірген видеожазба жариялады.
2016 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы, боксшы Данияр Елеусінов бұған дейін медиа кеңістікте жиі көрініп, атақ-даңққа мастанып кеткен кейбір спортшыларды сынға алған еді. Ол өзін үш дүркін Олимпиада чемпионы сезініп, «жұлдыз ауруына» шалдыққан жандарға орнын білуді ескертіп, үндеу тастаған болатын, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұл сөздер көпшілік тарапынан ММА шебері әрі актер Еркебұлан Тоқтарға бағытталғандай қабылданып, әлеуметтік желіде екеуін әдейі «түйістіре» бастаған. Алайда Еркебұлан Тоқтар бұл үндеудің өзіне еш қатысы жоқ екенін айтып, Даниярмен ара-қатынасы жақсы, достық байланыста екенін мәлімдеген.
Бүгін Данияр Елеусіновтің өзі бұл мәселені нақтылап, Еркебұлан Тоқтарға қолдау білдірген видеожазба жариялады.
«Ассалаумағалейкум баршаңызға! Соңғы сұрақтарға байланысты, «Еркебұлан, саған болмайды. Ұят болады ғой» деп жатқандарға айтарым…
Еркебұланның да деңгейін түсірмеңіздер. Ол өте медиаға жақын жігіт. Қазір медиа заманы ғой. Бірақ мен Еркебұланмен рингке шығамын, “ұйымдастырыңдар” деп отырған жоқпын. Егер Джошуа мен Джейк Пол арасындағыдай (қазір көпшілік солай жасап жатыр) форматтағы жекпе-жек болса, ондайды біздің елде де ұйымдастыруға болады.
Мен Еркебұланды жақсы танимын. Оны танысым, досым, інім деп айта аламын. Бұған дейінгі үндеуім оған қатысты емес еді. Ол “мен медиадамын, сондықтан гонорарды көбірек алуым керек” деген адамға арналды. Оның атын атамаймын. Кім екенін өздеріңіз де түсінген шығарсыздар.
Ал Еркебұлан өте тура мінезді жігіт», – деді боксшы Instagram парақшасында.