2025 жылғы маусым Дастан үшін ерекше есте қалды.
«Қайрат» клубының жас шабуылшысы Дастан Сәтпаев 2026 жылғы маусымға арналған ойын нөмірін таңдады. Енді 17 жастағы футболшы алматылық команда сапында 10-нөмірмен алаңға шығады. Бұған дейін ол өткен чемпионатта 9-нөмірмен өнер көрсеткен, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.
Сәтпаев — өз буынындағы ең перспективалы қазақстандық ойыншылардың бірі. Ол «Қайрат» академиясының түлегі ретінде біртіндеп негізгі құрамға жол тартып, кәсіби футболдағы алғашқы ойынын 16 жасында өткізген. Шабуылшының басты артықшылықтары — жоғары жылдамдық, алаңдағы белсенді қимыл және шабуылды нәтижелі аяқтай білуі.
2025 жылғы маусым Дастан үшін ерекше есте қалды. Ол «Қайратпен» бірге Қазақстан Премьер-лигасының чемпионы атанып, клуб тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығуына үлес қосты.
Сол маусымда Сәтпаев 26 матчқа қатысып, 14 гол соғып, 6 нәтижелі пас берді. Бұл көрсеткіштер оны команданың негізгі ойыншыларының біріне айналдырып, лигадағы ең нәтижелі жас футболшылардың қатарына қосты.