Бүгінде Қазақстанда мәнерлеп сырғанау спортына баса назар аударыла бастады.
Мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Пхёнчханда Олимпиадасында Қазақстан намысын қорғаған Элизабет Тұрсынбаева Михаил Шайдоров пен София Самоделкинаға ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
«Бүгінде Қазақстанда мәнерлеп сырғанау спортына баса назар аударыла бастады. Бұл анық сезіледі. Мұның бәрі – Миша мен Софьяның арқасы.
Михаил Шайдоровтың алтын жүлдесі мен Софья Самоделкинаның Олимпиадада үздік ондыққа енуі Қазақстанды әлемдік қауымдастыққа танытып қана қоймай, өскелең ұрпаққа және еліміздің кішкентай мәнерлеп сырғанаушыларына үміт сыйлады.
Мәнерлеп сырғанау — мен жан-тәніммен жақсы көретін ғажап спорт түрі. Өзім де олардың нәтижелерінен шабыт алдым, мансабымды аяқтасам да, қазір өзім үшін ғана сырғанаймын.
Қазақстанды әлемдік аренада таныстырғаныма өте қуаныштымын. Ал қазір спортшыларымыздың сол жолды абыроймен жалғастырып, ең жоғары нәтижелерге қол жеткізгеніне шексіз мақтанамын!», – деп жазды Э. Тұрсынбаева.