$ 462.87  540.72  6.16

Қазақстан футбол Федерациясы Ермұхамед Мәуленді сотқа берді

Қазір сараптама жүріп жатыр.

Фото: 1bol.kz
Фото: 1bol.kz

Қазақстандық спорт журналисі әрі комментатор Ермұхамед Мәулен өзіне қатысты Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) сотқа жүгінгенін мәлімдеді. Бұл туралы ол YouTube-тағы «Бірінші бол» арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Журналистің айтуынша, жақында оны полицияға шақырып, ҚФФ тарапынан түскен арызбен таныстырған. Қазіргі уақытта бұл іс бойынша алдын ала тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Полиция басқармасына бардым. Сол жерде ҚФФ-ның маған қатысты шағым түсіргенін білдім. Тергеушімен сөйлесіп, барлық сұрақтарға жауап бердім», – деді ол.

Алдын ала мәліметке сәйкес, дауға журналистің айтқан пікірлері немесе жариялаған материалдары себеп болуы мүмкін. Осыған байланысты арнайы филологиялық сараптама тағайындалған. Сараптама оның сөздерінде ар-намысқа тиетін немесе заңға қайшы тұстардың бар-жоғын анықтайды.

Ермұхамед Мәулен бұл жағдайға сабырмен қарап отырғанын айтып, егер өз кінәсі дәлелденсе, кешірім сұрауға дайын екенін жеткізді.

«Қазір сараптама жүріп жатыр. Егер менің сөздерім біреуге ауыр тигені анықталса, кешірім сұраймын», – деді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0