$ 487.44  567.38  6.62

«Қазақстан үшін өте ұят»: Еркебұлан Тоқтар Петтистің жекпе-жегіне пікір білдірді (ВИДЕО)

"Өте өкінішті жағдай болды".

Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Еркебұлан Тоқтар UFC-дің бұрынғы чемпионы Энтони Петтистің жекпе-жегінің соңғы сәтте өтпей қалуына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, бұл жағдай тек отандық ММА индустриясына емес, Қазақстанның халықаралық спорттағы беделіне де кері әсер етуі мүмкін.

Спортшы ең алдымен турнирдің тоқтатылуынан файтерлер үлкен қиындық көргенін айтты. Оның сөзінше, бірнеше ай бойы дайындалып, салмақ қуған спортшылардың еңбегі зая кеткен.

— Өте өкінішті жағдай болды. Көп жігіт ұзақ дайындалды, салмақ тастады. Бірақ соңында бәрі бекер болды. Турнир өтуі тиіс еді, алайда ұйымдастырудағы мәселелерге байланысты тоқтап қалды. Бұл — ең алдымен спортшылар үшін ауыр соққы, — деді Еркебұлан Тоқтар.

Сонымен қатар ол Энтони Петтистің алдында ыңғайсыз жағдай қалыптасқанын атап өтті. Тоқтардың пікірінше, әлемдік деңгейдегі спортшының Қазақстаннан осындай әсермен кетуі шетелдік файтерлердің ел туралы көзқарасына әсер етуі ықтимал.

— Энтони Петтис енді Америкаға барып, басқа спортшылармен, менеджерлермен сөйлеседі. Олар Қазақстан туралы сұрайды. Егер мұндай жағдайлар қайталана берсе, шетелдік спортшылардың елімізге деген сенімі азаюы мүмкін. Сондықтан бұл жағдай біз үшін ұят болды, — деді ол.

Қазақстандық файтер америкалық спортшыға жеке хабарлама жазып, болған жағдай үшін кешірім сұрағанын да жеткізді.

— Мен оған бұл жаңа лига екенін, осындай келеңсіз жағдай болып қалғанын түсіндірдім. Сонымен бірге Қазақстанда мықты ұйымдар мен сапалы турнирлер бар екенін айттым. Себебі сырт көзге Петтисті тек хайп үшін шақырғандай көрінді. Бірақ менің ол лигаға еш қатысым жоқ, — деді спортшы.

Айта кетейік, UFC-дің бұрынғы чемпионы Энтони Петтис пен қазақстандық Әділ Боранбаев арасындағы жекпе-жек Алматыда өтетін ORDA Global Fights турнирінің басты кездесуі болуы керек еді. Алайда турнир күні ұйымдастырушылар америкалық файтердің гонорарын уақытында төлемеген.

Петтис Қазақстанға келіп, салмақ өлшеу рәсіміне және баспасөз мәслихатына қатысқан. Бірақ қаржылық міндеттемелер орындалмағандықтан, жекпе-жекке шығудан бас тартты. Соның салдарынан бүкіл турнир тоқтатылды.

Кейін америкалық спортшы бұл жағдайдан шамамен 800 мың доллар шығынға батқанын мәлімдеді. Соған қарамастан ол әлеуметтік желіде қазақстандық жанкүйерлерге қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0