10.06.2026, 11:20

«Бәрі мүмкін екенін дәлелдейтін өмір жолы»: Елдос Сметов туралы кітап жарық көрді

Фото: caravan.kz

Қуанышты жаңалықпен спортшы өзінің Instagram желісіндегі парақшасында бөлісті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

«Бүгін мен үшін ерекше күн.

Спорттағы жолым, жеңіліс пен жеңісім, күмән мен сенімім, арман мен мақсатым кітап бетіне түсіп, оқырманға жол тартты. Менің өмірім мен спорттағы тәжірибемді қамтыған «Төзім. Сенім. Жеңіс» кітабының тұсаукесері өтті.

Бұл кітап – тек мен туралы емес. Бұл – арманына адал болған әрбір жас спортшы туралы. Қандай қиындық кездессе де, мақсатыңа сеніп, еңбектенсең, бәрі мүмкін екенін дәлелдейтін өмір жолы.

Осы жолда маған сенген отбасыма, бапкерлеріме, жанкүйерлеріме және әрдайым қолдау көрсеткен барша Қазақстандықтарға алғысымды білдіремін.Бұл кітап әр оқырманға жігер беріп, өз жеңісіне жетуге шабыт сыйласа – мен үшін ең үлкен марапат сол», — деп жазды ол.

Желі қолданушылары бұл игі бастаманы бір ауыздан қолдап, ізгі лебіздерін жарыса жазуда.

“Дұрыс, қайдағы жоқ блогерлерді емес осындай елдің атын шығарған спортшыларды насихаттау керек”, “Керемет бастама, берекелі болсын”, “Елдос, өзіңіз секілді батырларды болашақ ұрпақ білу керек. Ұзағынан болсын”, — деп жазды олар.

Елдос Сметов — дзюдодан тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы. Ол 2024 жылы Парижде өткен жазғы Олимпиада ойындарында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды. 

Ол Париж төріндегі финалдық белдесуде Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, франциялық Лука Мхеидзені басымдықпен жеңіп, қазақ еліне көптен күткен алтын медальді сыйлады. Елдос Сметов осы жеңісімен Олимпиада ойындарының толық жүлде жиынтығын (алтын, күміс, қола) иеленген бірегей спортшы атанды. Ол бұған дейін Риода (2016) күміс, Токиода (2016) қола медаль алған еді.