10.06.2026, 17:40

«Бұл қаражат жеткілікті болуы тиіс»: Министрлік Бибісара Асаубаеванының үндеуіне жауап қатты (ВИДЕО)

Фото: Sports.kz

Ведомство мәліметінше, спортшының қаржыландыруға берген өтінімі қаралып, мақұлданған.

Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі шахматшы Бибісара Асаубаеваны даярлауға бөлінетін қаржыға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ведомство мәліметінше, спортшының қаржыландыруға берген өтінімі қаралып, мақұлданған. Соның нәтижесінде оған халықаралық жарыстарға дайындалу үшін стандартты қолдау көрсетілген.

Федерациялар мен басқа да ұйымдардың қаражатын қоса есептегенде, жалпы қаржыландыру көлемі шамамен 210 млн теңгені (шамамен 430 мың АҚШ доллары) құрайды.

«Бұл — биылғы барлық қаржы көздерін қосқандағы 210 млн теңге. Өткен жылы бұл шамамен 160 млн болды. Менің ойымша, бір спортшының халықаралық деңгейде жоғары нәтиже көрсетуіне бұл қаражат жеткілікті болуы тиіс», – деді Туризм және спорт вице-министрі Серік Жараспаев.

Сондай-ақ министрлік «Барыс» орденінің ІІ дәрежесімен марапаттау мәселесіне де тоқталды. Ведомство мәліметінше, марапаттау туралы Жарлық Мемлекет басшысы тарапынан қол қойылған, алайда шахматшының тығыз жарыс кестесіне байланысты салтанатты рәсім әлі өтпеген.