11.06.2026, 12:40

«Бұрынғыша әлемді әлі талай дүр сілкіндіреміз»: Жәнібек Әлімханұлы мәлімдеме жасады

Фото: Instagram.com/janibek_alimkhanuly/

WBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеме жасады. Спортшы Instagram желісіндегі парақшасында рингке қайта оралуға дайындалып жатқанын айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

«Дайындық қызу өтіп жатыр! Бұйыртса рингке басқаша болып оралып, бұрынғыша әлемді әлі талай дүр сілкіндіреміз! Көк туды желбіретіп, абыройды асқақтатамыз!», — деп жазды ол.

Сондай-ақ, Әлімханұлы Instagram желісіндегі парақшасында отандасымыз, танымал кәсіпқой боксшы Бек Нұрмағанбетпен өткен жаттығу жекпе-жегінен кадрлар жариялаған.

Өз кезегінде Бек Нұрмағанбет те бұл спаррингтің өзі үшін ерекше маңызға ие болғанын атап өтті. Былғары қолғап шебері бала кезден үлгі тұтқан ағасымен бірге жаттығу өткізу үлкен мәртебе екенін айтып, Жәнібек Әлімханұлына сәттілік тіледі.

«WBO IBF әлем чемпионы өзімнің бала кезден үлгі тұтар ағаммен спаринг. Жәнібек ағамыздың айтқан ақылының өзі мен үшін үлкен құрмет және рахмет… Ағама 4 тұжырым белбеуін иеленіп өз салмағының патшасы, абсалютті әлем чемпионы атығын алуына тілектеспін. Арманы бірлер ағайын… Ағамызға сәттілік», — деп жазды ол.