$ 472.03  540.29  6.11

Әлем чемпионаты: Испания мен Бельгия ширек финалға жолдама алды

Испания құрамасы әлем чемпионатының ширек финалында 2010 жылғы чемпиондық жорығынан кейін алғаш рет өнер көрсетпек.

Фото: Alex Pantling/FIFA via Getty Images
Фото: Alex Pantling/FIFA via Getty Images

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алған командалардың қатары толықты. 1/8 финалда Испания Португалияны сүріндірсе, Бельгия турнир қожайыны АҚШ құрамасын ірі есеппен жеңіп, келесі кезеңге өтті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Испания мен Португалия арасындағы кездесу аса тартысты өтті. Алғашқы таймда екі команда да есеп аша алмады. Үзілістен кейін испандықтар ойын тізгінін қолға алып, шабуылды күшейтті.

Матчтағы жалғыз әрі шешуші гол қосалқы құрамнан шыққан Микель Мериноның еншісіне жазылды. Ол 90+1-минутта айып алаңында берілген пасты сәтті пайдаланып, допты қақпаның жақын бұрышына дәл бағыттады. Осылайша Испания 1:0 есебімен жеңіске жетіп, ширек финалға жолдама алды.

Енді Испания ширек финалда Бельгия құрамасымен кездеседі. Бельгиялықтар 1/8 финалда АҚШ құрамасын 4:1 есебімен тізе бүктірді.

Бельгия сапында Шарль де Кетелар екі мәрте мергендік танытса, Ханс Ванакен мен Ромелу Лукаку бір-бір голдан соқты. АҚШ құрамасының сапынан жалғыз голды Малик Тиллман авторы атанды.

Осы матч қарсаңында АҚШ шабуылшысы Фоларин Балогунға қатысты жағдай қызу талқыға түсті. Бұған дейін қызыл қағаз алған футболшының алаңға шығуына рұқсат берілуі бельгиялық БАҚ тарапынан сынға ұшырады. Кейінірек АҚШ футбол федерациясы Балогунның тәртіп бұзушылығына байланысты 40 мың доллар көлемінде айыппұл төлеуге келіскені белгілі болды.

Айта кетейік, Испания құрамасы әлем чемпионатының ширек финалында 2010 жылғы жеңісті жорығынан бері алғаш рет бақ сынамақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 1