28.07.2026, 10:20

Шавкат Рахмоновқа қатысты қуанышты жаңалық шықты

Фото: instagram/ufceurasia

Шавкат Рахмонов тізесінен алған жарақатына байланысты соңғы екі жылдай октагонға шыққан жоқ.

Қазақстандық даңқты файтер Шавкат Рахмонов (19-0) жарақатынан толық айығып, октагонға оралуға дайын деп хабарлады спортшының дәрігері Михаил Маркуарт, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы 1bol.kz-ке сілтеме жасап.

Оның айтуынша, дәл қазір Шавкаттың денсаулығында ешқандай ақау жоқ және ол жаттығуға толыққанды кірісе алады. Ал, нақты қашан жекпе-жек өткізетіні оның физикалық дайындығына байланысты.

«Қайта оралу мерзіміне келсек, Шавкаттың кәсіби мансабын жалғастыруына кедергі келтіретін жарақаттары жоқ. Ал нақты қашан оралатынына келсек, бұл оның дене дайындығына жауапты бапкерлеріне байланысты – спорттық бабына қаншалықты тез келетіні маңызды. Сонымен қатар, бәрі UFC-дің жарыс күнтізбесіне де тәуелді. Мұның барлығы әр спортшыға жеке қарастырылады. Менің ойымша, келесі жылдың басында Шавкатты октагонда ресми жекпе-жекте қайта көреміз», - деді Маркуарт «Солай де» Youtube-каналына берген сұхбатта.

Шавкат Рахмонов тізесінен алған жарақатына байланысты соңғы екі жылдай октагонға шыққан жоқ. Соңғы рет ол 2024 жылдың желтоқсанында ирландиялық Иэн Гэрримен төбелесіп, төрешілер шешімімен жеңіске жеткен еді.