Бұл видео Қытайда үлкен резонанс тудырды.
Мадридтік «Реал» клубының шабуылшысы әрі Франция құрамасының жұлдызы Килиан Мбаппе Қытайдың бұрынғы басшысы Мао Цзэдунға қатысты айтқан сөздері үшін кешірім сұрады. Футболшының мәлімдемесінен кейін Қытайдың бірнеше ірі бренді онымен ынтымақтастығын тоқтатқан, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Дау әлеуметтік желіде Мбаппенің өзі туралы ең күлкілі мемді таңдаған сұхбаты жарияланғаннан кейін өршіді. Футболшы бет-бейнесі Мао Цзэдунның бейнесімен біріктірілген суреттерге тоқталып, оны «қытайлық диктатор» деп атаған.
Бұл видео Қытайда үлкен резонанс тудырды. Артынша елдегі екі ірі бренд футболшымен келісімшарттарын тоқтататынын мәлімдеді. Сонымен қатар Қытай телеарналары Испания чемпионатының матчтерін көрсетуді доғару туралы шешім қабылдағаны хабарланды.
Футболшы өз сөздерінің Қытай тұрғындарының көңіліне тиюі мүмкін екенін мойындап, әлеуметтік желідегі парақшасында кешірім жариялады.
«Жақында берген сұхбатымда мен өзім басты кейіпкер болған суретке пікір білдірдім. Енді айтқан сөздерімнің орынсыз болғанын түсіндім. Олар Қытайдағы көптеген адамның және әлемнің түкпір-түкпіріндегі қытай қауымдастықтарының көңіліне қаяу түсірді.
Сөздерім арқылы ренжіткен жандардың барлығынан кешірім сұраймын. Менің мақсатым бұл емес еді. Қытай халқына және оның тарихына зор құрметпен қараймын!» – деп жазды Мбаппе.
Ла Лига президенті Хавьер Тебас та жағдайға байланысты мәлімдеме жасап, Қытай халқынан кешірім сұрады.
Оның айтуынша, Мбаппенің сөздерінен кейін Қытайда туындаған наразылық пен ренішке лига өкілдері өкініш білдіреді. Тебас испан футболы мен Қытай арасындағы ұзақ жылдар бойы қалыптасқан қарым-қатынастың маңызын атап өтті.
«Ла Лига атынан Қытай халқынан шын жүректен кешірім сұраймын. Біз Қытаймен, оның мемлекеттік органдарымен, спорт ұйымдарымен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және испан футболын сүйетін миллиондаған жанкүйермен өзара құрмет пен сенімге негізделген байланыс орнаттық», – деді ол.
Тебас жекелеген адамдардың әрекеті осы қарым-қатынасқа зиян келтірмеуі керегін айтып, жанжалдың испан футболындағы клубтар мен Қытай жанкүйерлеріне кері әсер етуіне жол бермеу маңызды екенін жеткізді.
Айта кетейік, Килиан Мбаппе – әлемдегі ең танымал футболшылардың бірі. Әлеуметтік желідегі оқырмандарының саны жағынан ол Криштиану Роналду, Лионель Месси және Неймардан кейінгі орында тұр.
Ал футболшының диктаторларға ұқсатып жасалған мемдері бұған дейін де жанкүйерлер арасында кең тараған. Әсіресе әлем чемпионаты кезінде Мбаппенің ұлттық құрамадағы әріптестеріне ықпал етуге тырысатыны туралы әзілдер көбейіп, оның бейнесі түрлі мемдерге арқау болған.