31.10.2026, 18:30

Данияр Елеусінов өзбек боксшысы Шохжахон Эргашевпен айқасуға ниетті

Фото: Nomad fighting

Қазақстандық кәсіпқой боксшы, Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов Өзбекстан өкілі Шохжахон Эргашевпен IBA Nomad лигасында жұдырықтасқысы келетінін айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

IBA Nomad промоушенінің баспасөз қызметі қазақстандық боксшының мәлімдемесін әлеуметтік желіде жариялады. Елеусінов Эргашевпен кездесуге дайын екенін айтып, жекпе-жек үшін қажетті гонорар төленсе болғаны екенін жеткізген.

«Егер дәл осыны берсеңіздер, мен шығуға дайынмын. Маған басқа келісімшарттар маңызды емес. Ең бастысы, тиісті соманы төлеңіздер», – деді Данияр Елеусінов.

Еске салайық, бұған дейін Шохжахон Эргашев желтоқсан айының басында Алматыда өтетін IBA Nomad турнирінде рингке оралуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді. Өзбекстандық боксшы кез келген қарсыласпен кездесуге дайын екенін айтқан.

Оның бұл мәлімдемесіне алғашқылардың бірі болып қазақстандық Төрехан Сабырхан жауап берді. «Шоу керек пе? Мен дайынмын!» – деп жазған ол IBA Nomad лигасының әлеуметтік желідегі парақшасында.

Осылайша, Эргашевпен жекпе-жек өткізуге ниетті қазақстандық боксшылар қатарына Данияр Елеусінов те қосылды. Дегенмен әзірге аталған кездесулердің ешқайсысы ресми түрде бекітілген жоқ.

Айта кетейік, Шохжахон Эргашев соңғы жекпе-жегін 17 қазанда Ташкентте өткізіп, қазақстандық Дастан Бекенді төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңген. Кездесу ММА қолғаптарымен, бокс ережесі бойынша өткен.