$ 458.28 € 501.45 ₽ 5.59

«987-гол»: Роналдудың пенальтиі мен Феликстің голы «Аль-Насрға» жеңіс сыйлады

Фото: Getty Images
Фото: Getty Images

Сауд Арабиясының «Аль-Наср» клубы Азия Чемпиондар лигасының элиталық кезеңіндегі бесінші турда Катардың «Аль-Садд» командасын 2:1 есебімен жеңді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Кездесуде есепті алаң иелері жылдам ашты. 13-минутта Криштиану Роналду пенальтиді сәтті орындап, командасын алға шығарды. Бұл португалиялық жұлдыздың кәсіби мансабындағы 987-голы болды.

Алайда арада тоғыз минут өткенде қонақтар сапынан Мохаммед Ваад таразы басын теңестірді. Бірінші таймның қосымша уақытында (45+2-минут) ол тікелей қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.

Сан басымдығын пайдаланған «Аль-Наср» екінші таймда шабуылды үдете түсті. Нәтижесінде 52-минутта Жоау Феликс мергендік танытып, саудиялық клубқа жеңіс сыйлаған голды соқты. Қалған уақытта «Аль-Садд» есепті өзгерте алмады.

Айта кетейік, Криштиану Роналду мансабында клубтық деңгейде 841 гол соққан. Оның 139-ы «Аль-Наср» сапында тіркелген. Ал Португалия құрамасы үшін 146 рет мергендік танытқан.

Осы жеңістен кейін «Аль-Наср» Батыс аймағының турнир кестесінде төрт ойыннан кейін тоғыз ұпаймен бесінші орынға көтерілді. Ал бес кездесуде екі ұпай жинаған «Аль-Садд» 14-сатыда тұр.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0