Астанада күштік құрылымның 111 қызметкері қоян-қолтық ұрыстан бақ сынасты. 12-13 қыркүйекте 5573 әскери бөлімінің «Көктал» спорттық-сауықтыру кешенінде ҚР Ұлттық ұлан Бас Қолбасшысының кубогы үшін қоян-қолтық ұрыстан жарыс өткізілді, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Астана қаласы әкімдігі ресми сайтының мәліметінше, додаға Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ҰҚК Шекара қызметі, Ішкі істер министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметі, ҚР Ұлттық ұлан, сонымен қатар, жекпе-жек түрлері бойынша республикалық спорт ұйымдарынан 9 салмақ дәрежесінде 13 құрама қатысты.
Ұлттық санаттағы төреші Арман Ахашов бастаған қазылар алқасының құрамына еліміздің күштік құрылымдарының өкілдері енді.
Жарыстың алдын ала кезеңінде және жартылай финалда ҚР Ұлттық ұлан командасы көш бастады. ҚР ҰҚК Шекара қызметінің және ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің өкілдері де алға шықты.
Екінші күні жарыс жеңімпаздары анықталды. Жалпы командалық есепте Ұлттық ұлан спортшылары бірінші орын алды. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті екінші орынға тұрақтаса, ҚР ҰҚК Шекара қызметі үшінші орынға табан тіреді.
Ұлттық ұлан командасының 10 өкілі тоғыз салмақ дәрежесінде көш бастап, 3 алтын, 5 күміс және 2 қола жүлдеге қол жеткізді.
ІІМ ҚАЖК спортшылары 4 медаль және ҰҚК ШҚ өкілдері 5 медаль иеленді.
Сонымен қатар, Мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі және «Динамо» спорт клубының өкілдері де жеңіс тұғырына көтерілді.