Ташкентте күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақ баласы Елмұрат Тасмұратов қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды NUR.KZ.
59 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Елмұрат жартылай финалға дейін барлық қарсыласын мерзімінен бұрын жеңді. Ал жартылай финалда Олимпиада чемпионы, ирандық Хамид Суриянмен кездесіп, 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Бұл жерде төрешілердің шешімі күмән туғызды.
Ал қола жүлде үшін күресте Тасмұрадов Куба балуанын 22 секундта 10:0 есебімен жеңіп, Өзбекстан құрамасына қола медаль сыйлады.
Бұл салмақта сынға түскен қазақстандық Ербол Қоңыратов алғашқы белдесуінде ұтылып қалды.
Естеріңізге сала кетейік, Елмұрат Тасмұрадов Өзбекстанның қазақтар көп тұратын Бостандық ауданында туған. Ұлты қазақ. Шымкенттегі Бекзат Саттарханов атындағы спорт интернатын аяқтаған.
Елмұраттың бірнеше мәрте Қазақстан азаматтығын алып, ұлттық құрамаға қабылданғысы келген әрекеті сәтсіз аяқталды.
Тасмұрадов былтырғы әлем чемпионатының қола жүлдесі үшін күресте жерлесіміз Алмат Кебіспаевты жеңген болатын.
Ал, бұл әлем чемпионатында күрес түрлерінен Қазақстан құрамасы ешқандай жүлде иеленген жоқ.