Санаулы күндерден кейін Англияның астанасы – Лондонда «Үлкен дулыға» санатындағы Уимблдон турнирі басталады. Бұл жарыста Қазақстанның үш теннисшісі бақ сынайды. Олар – Юлия Путинцева, Михаил Кукушкин және Зарина Диас.
Есімдері жоғарыда аталған ойыншылардың алғашқы екеуі әлемдік рейтингте жоғары тұрғандықтан дүбірлі додада бақ сынау құрметіне ие болды. Мәселен, бұл күндері Юлия Путинцева үздіктер тізімінде 43-орынды иеленсе, Михаил Кукушкин 118-орынды еншілеуде. Тұманды Альбион еліне атануға тиіс Ярослава Шведова жарақат алуына байланысты бұл турнирге қатыспайтын болды. Қазіргі кезде ол WTA рейтингінде 49-сатыда тұр. Әлемнің 130-ракеткасы Зарина Диас болса, ұйымдастырушылар тарапынан арнайы шақырту қағазына, яғни wild card-қа ие болды.
"Уимблдонға" қатысушы қазақстандық теннисшілердің қатары алдағы күндері тағы да толығуы мүмкін. Қазіргі кезде екі бірдей жерлесіміз іріктеу сынында табысты өнер көрсетуде. Олар – Александр Бублик пен Александр Недовесов. Екеуі де алғашқы кезеңнен сүрінбей өтті. Бұл бәсекеде Бублик испаниялық Даниэль Гимено-Траверге тізе бүктіріп, енді австралиялық Блэйк Мотпен кездеді. Ұлыбританиялық Нейл Паффлиден басым түскен Недовесов бүгін канадалық Питер Поланскимен күш сынасады.