$ 478.96  533.03  5.22

Мэйуезер vs Макгрегор: Сенсация орын алған жоқ, кіші Флойд жеңіске жетті

АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында көптен күткен бокс кеші өз соңына жетті. Әйгілі америкалық боксшы кіші Флойд Мэйуезер аралас жекпе-жектен (MMA) әлем чемпионы ирландиялық Конор Макгрегорды техникалық нокаутпен жеңіп, өзінің спорттағы карьерасына нүкте қойды.

Аталған кездесу бокс ережесімен өтті және қос спортшы 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жұдырықтасты. Жекпе-жектің ешқандай жауапкершілігі болмағандықтан оған ешқандай чемпиондық титул тігілген жоқ.

Кездесу 10 раундқа созылды. Алғашқы 4 раундта ирландиялық спортшы белсенділік танытқанымен, Флойд Мэйуезер өзінің білгенінен жаңылмай, жекпе-жек бел ортасынан асқан тұста басымдықты өз қолына алды. Ал, 10-шы раундта Флойд қарсыласын бұрыштан-бұрышқа қуып сабағандықтан, рефери кездесуді тоқтатып, Макгрегорға техникалық нокаут жазды.

Бұған дейін хабарланғандай, Мэйуезердің гонорары - 100 миллион, Макгрегордың гонорары 30 миллион долларды құрайды. Бұл тек бастапқы сома. Шоудың телетрансляциясы мен билет сатылымынан түскен қаражаттан да қос спортшы өз үлестерін алуы тиіс. Яғни, бастапқы гонорардың көлемі 3-4 есеге дейін артуы мүмкін.

Айта кетейік, кіші Флойд Мэйуезердің бұл кәсіпқой бокстағы 50-ші жекпе-жегі. Кездесулерінің барлығында ол жеңіске жеткен. Ал, 29 жастағы Макгрегор болса ережесіз жекпе-жекте 24 кездесу өткізіп, оның 21-де жеңді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары