Невада штатының атлетикалық комиссиясы америкалық боксшы кіші Флойд Мэйуезер мен ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионы ирландиялық Конор Макгрегордың арасындағы жекпе-жектің ресми гонорары туралы мәлімет берді. Аталған бокс кеші ертең Лас-Вегас қаласында өтеді.
Жекпе-жек қандай нәтижемен аяқталғанына қарамастан Мэйуезер — 100 миллион, Макгрегор 30 миллион доллар алады. Бұдан бөлек билеттердің сатылымы мен телетрансляцияның сатылымынан (pay-per-view) қос спортшыға тағы да бонустар берілетін болады. Яғни, негізгі алатын ақшалары екі немесе үш еселенуі мүмкін.
Аталған жекпе-жек бокс ережелерімен өтетіні бұған дейін хабарланған болатын. Спорт сарапшыларының басым көпшілігі Конор Макгрегорда ешқандай мүмкіндіктің болмайтынын айтуда.
40 жастағы кіші Мэйуезер кәсіпқой бокста 49 жекпе-жек өткізіп, оның барлығында жеңіске жеткен. Өзінің соңғы кездесуін ол 2015 жылы қыркүйек айында өткізіп, мұнан кейін кәсіпқой боксқа қайта оралмайтынын мәлімдеген еді. Ал, 29 жастағы Макгрегор болса ережесіз жекпе-жекте 24 кездесу өткізіп, оның 21-де жеңіске жеткен. Тиісінше, үш рет жеңілген.