$ 498.34  519.72  4.85

Астанадағы жарыста рефериді ұрған боксшы мен оның бапкері спорттан шеттетіледі (ВИДЕО)

Бірақ, нақты қанша уақытқа шеттетілетіні әзірге белгісіз. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының өкілі, Қазақстандағы жарыстардың үйлестірушісі Болат Әбдірахманов мәлімдеді деп жазады Tengrinews.kz.

Оның айтуынша, аталған жайт толыққанды зерттеліп болған соң ғана нақты шешім шығарылады.

"Бапкері де, боксшының өзі де спорттан уақытша шеттетіледі. Бірақ, нақты қанша уақытқа шеттетілетінін бапкерлер кеңесі мен атқарушы комитеттің бюросы шешеді. Қалай болғанда да, біз өзгелерге жақсы сабақ болатындай шешім шығарамыз. Бұл болашақта судьялардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді", - дейді Әбдірахманов.

Ал, жәбірленген рефери Амангелді Ақшолақов 28 жыл бойы шаршы алаңда судья қызметін атқарып келеді. Ол AIBA-ның "3 жұлдызды" жоғары деңгейлі маманы. Өз заманында А.Ақшолақов талантты боксшы да болған: Еуропа чемпионатында жүлдегер атанып, 1984 жылы КСРО чемпионатын жеңіп алған екен.

"Шынымды айтсам, мен мұндайды күткен жоқпын. Менің тәжірибемде мұндай жағдай алғаш рет болып тұр. Бапкер өз шәкіртінің екінші нокдаун алғанын байқамай қалған болар, жеңісті бұрмалады деп есептеді. Кейіннен барып жағдайды білген соң маған келіп кешірім сұрады. Адам ретінде оны түсінемін. Бірақ, мұндай әрекеттер жазасыз қалмауы керек", - дейді судья Ақшолақов.

Еске салайық, кешегі апта Астанада Қазақстан бокс федерациясының кубогі үшін жарыс өтті. Финалдық кездесулердің бірінде астаналық боксшы Рахат Маржықпаев Жамбыл облысынан келген қарсыласынан жеңіліп қалып, ринг сыртында бапкері екеуі рефериді жабылып ұрған болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#видео