$ 498.34  519.72  4.85

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мәдени-спорттық іс-шара өтті

2017 жылы 16 қыркүйек күні Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің стадионында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және Қала күнін мерекелеу аясында  мәдени-спорттық іс-шара өтті. Шараны ұйымдастырушы Алматы қаласы әкімдігінің Дін істері жөніндегі басқармасы.

Мәдени іс-шараның ашылу салтанатында қаламыздың бас муфтиі құттықтау сөз сөйлеп, шараны ашық деп жариялады.

- Қала күнін мерекелеу аясында, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында спорттық шара ұйымдастырылып отыр. Шараның ерекшелігі сол, оған негізінен мешітке келетін жастар, мешіт жамағаты қатысуда. Жалпы, Алматы қаласында 48 мешіт, «Нұр-Мүбарак» университеті, «Әбу Ханифа» медресесі бар. Осы аталған діни орындардың қызметі Ислам дінінде жүрген азаматтардың басын қосып, ауызбірлік ынтымаққа шақыру. Азаматтарымызға Елбасының саясатын түсіндіріп, хабардар ету, сыйластық идеяларын насихаттау арқылы татулыққа, салауаты өмір салтын ұстауға шақыру. Жыл басынан өткізіліп жатқан бұл шара жоспарға сай 18 қазан «Рухани келісім» мерекесі қарсаңында өз жалғасын тауып, алдағы уақытта дәстүрге айналады, - деді Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Есенбеков.

Іс-шара ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптеу, қазақстандық патриотизмді, төзімділік пен өзара келісімді насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Аталған шарада мешіттер жамағаты мен келушілері үшін мәдени ойын-сауық және спорттық шаралар кешені ұйымдастырылды. Кез келген ерікті ниет білдіруші асық ату, арқан тарту, гір тасын көтеру, қазақ күресі, қол күресі, садақ ату, бөренеге өрмелеу және футболдан сайысқа түсіп, бақ сынады. Спорттық сайыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері бағалы сыйлықтармен марапатталды. Келушілерге Алматы қаласының символы - апорт алмасы тегін таратылды. Сондай-ақ, шара барысында қазақстандық эстрада жұлдыздарынан Бейбіт Күшқалиев, Жұбаныш Жексенұлы, Көркем Сейсенбек, Мейрамбек Беспаевтың шәкірті – Райым Уайс және «Әлқисса» ұлттық аспаптар оркестрі таңдай қақтырар дәстүрлі әсем ән, тәтті күймен керемет көңіл-күй сыйлады.

Жамбыл облысының тумасы «Нұр-Мүбарак» мешітінің 1 курс студенті Атабай Жолдас бөренеге өрмелеу сайысынан үздік танылып келушілердің назарына ілікті. Қатысушының айтуынша, бала күнінде ағаштан-ағашқа өрмелеп секіріп үйренген балаға бұл ойын жат көрінбепті, бұл сайыста аяқ пен қолды бір қалыпты шапшаң қозғалтып, епті болу қажет дейді ол.

Қала жұртшылығын татулыққа шақырып, ұлттық дәстүрлі ойындарымызды  ұлықтап, бірлікке бастаған шара елдігіміздің ынтымағын арттырып, рухани қолдауға ие болған мәдени мереке Қазақ ұрпағының ұлттық мұраға ұқыпты екендігін байқатты.

Айымхан Әмірбекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары