Бүгін Есеп комитеті Мәдениет және спорт министрлігіндегі жайбасар шенеуніктерді қатаң сынға алды деп мәлімдеді КТК тееларнасы. Өйткені, 14 жыл бойы Щучьедегі шаңғы трамплині мен олимпиада дайындығына қажетті спорт нысандарын салып бере алмай отыр. Ал, құрылыс ұзаққа созылып кеткен соң, сметалық құжат сан мәрте өзгеріп, шығындар артқан. Бұл бюджетке артық салмақ салып отыр дейді аудиторлар.
Мәдениет және спорт министрлігіне тексеру жүргізген Есеп комитеті бүгін біраз былықтың бетін ашты. Айтуларынша, министрлікте түрлі бухгалтерлік қателіктерден бастап қаржының тиімсіз жұмсалуы секілді шалалық шаш етектен. Бірақ, аудиторларды ең алдымен спорт нысандары құрылысының ұзаққа созылуы көбірек алаңдатып отыр.
«Үш ірі спорт нысанының құрылысы созылып кеткен. Ол Шучьедегі шаңғы трамплині мен Астана және Алматы қаларынындағы олимпиадаға дайындалу орталықтары. 13-14 жыл бойы құрылыс жүруде. Осы ғимараттар қашан салынып бітеді?» - деп сұрады Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова Арыстанбек Мұхамедиұлы басқаратын Мәдениет және спорт министрлігінен.
Құрылысы 10 жылға созылды деген Астанадағы спорт орталығын салуға бюджеттен 34 миллиард теңге бөлініпті. Ал, нысан алдыңғы жылы пайдалануға берілуі тиіс болған. Алайда, ол биыл да салынып бітпейтін сияқты.
Дәл осындай олимпиада ортылығының құрылысы Алматыда да жүруде. Оған осы уақытқа дейін 28 миллиард теңге бөлінген. Ал, Щучье қаласындағы атышулы шаңғы трамплинінің салынып жатқанына 14 жыл болды. Әлі аяқталар емес. Жұмсалған қаржының көлемі тым көп. Тіпті, сметалық құжат жыл сайын өзгеріп, құны бірнеше есеге қымбаттаған.
«Алматыдағы спорт орталығының құны алғашқыда 10 миллиард болған. Бірақ, екі есеге өсіп, 28 миллиардқа жетті. Оның үстіне құрылыс әлі бірнеше жылға созылуы мүмкін. Щучьедегі шаңғы трамплиніне қажетті қаржының көлемі де 14 жыл ішінде 4 есеге өсті. Дәл қазір оның құрылысы үшін 38 миллиард теңге жұмсалған» - дейді Есеп комитетінің мүшесі Талғат Жақан.
Яғни, жұмыстар мерзімінде аяқталса, құрылысқа бөлінген миллиардтар әлдеқайда үнемделер еді. Кейін сол ақшаға бірнеше аурухана, мектеп пен балабақша салуға болар еді дейді аудиторлар. Ал, «сақалды» құрылысқа жол берген Мәдениет және спорт министрлігінің жауабы әдеттегідей дайын. Олар өздеріне еш шаң жуытпайды. Айтуларынша, істің созылуына құрылыс жүргізген мердігер компаниялардың бірнеше рет ауысуы себеп екен.
«Алматы мен Астанадағы олимпиадағы дайындық орталықтарының құрылысы 2020-2021 жылдары аяқталады. Қазір жаңа мердігер келіп, жұмысты бастады. Ал, Шучьедегі шаңғы трамплинін биыл жыл соңына дейін пайдалануға береміз» - дейді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков.