$ 443.44  480.51  4.88

Атыраулық кәсіпкер баласына 10,5 миллион теңгеге велосипед сатып әперген

Атырауда өткен қайырымдылық веложарысынан кейін өткізілген аукционда Құлсары қаласынан келген кәсіпкер 10,5 миллион теңгеге Vino Bike велосипедін сатып алды. Аса қымбат «көлікті» ол ұлына сыйлайтынын айтқан деп жазады «Мой город» порталы.

Айта кетейік, Bike Ride «Atyrau-2018» веложарысы биыл Атырауда алғаш рет өткізілді. Оған Олимпиада ойындарының чемпионы Александр Винокуров пен ауыратлет Илья Ильин және «Астана» велокомандасының мүшелері, сондай-ақ, елімізге танымал өзге де азаматтар қатысты. Жарыс соңында дәстүрлі қайырымдылық аукционы ұйымдастырылды.

«Аукциондағы ең қымбат 10,5 миллион теңге тұратын Vino Bike велосипедін Құлсарының кәсіпкері сатып алды. Бұл отбасы сондай-ақ, 5,4 миллион теңгеге «Аргон 18» велосипедін де сатып алған болатын. Кәсіпкердің әйелі Самал Vino Bike велосипедін балалары үшін сатып алғандарын айтты», – дейді аукцион ұйымдастырушылары.

Сондай-ақ, аукционға қатысушылар Майк Тайсонның қолтаңбасы бар қолғапты 3,2 миллион теңгеге, Фредди Роучтың қолғабын – 2,2 миллион теңгеге, Рой Джонс пен әйелі екеуінің қолтаңбасы қойылған қолғапты – 1,2 миллион теңгеге сатып алған.

Қайырымдылық аукционынан түскен қаржы Атырау облысының велоспортын дамытуға жұмсалатын болды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары