13.05.2018, 03:44

Василий Ломаченко венесуэлалық қарсыласын нокаутпен жеңіп, жаңа рекорд орнатты (ВИДЕО)

Украиналық боксшы Василий Ломаченко венесуэлалық әлем чемпионы Хорхе Линаресті нокаутпен жеңіп, жеңіл салмақтағы (61,2 кг) WBA чемпионы атанды. Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өткен жекпе-жек 10 раундқа созылды.

Кездесу өте тартысты өтті. Ломаченко алғашқы раундтарды өте белсенді бастап, басымдық танытқан. Алайда, алтыншы раундта Линарестің ауыр соққысы тиіп кетіп, ол нокдаун алды. Мұнан кейін қос боксшы да соққылар алмасып, оныншы раундқа дейін тең өнер көрсеткен. Ал, оныншы раундта украин боксшысының бүйір мен ішке жасаған соққылар сериясы нокаутпен аяқталды.

Осылайша 30 жастағы Василий Ломаченко кәсіпқой бокс тарихында небәрі 12 жекпе-жек өткізіп, үш бірдей салмақ дәрежесінде чемпион болған алғашқы боксшы атанып отыр. Бұған дейін ол бірінші және екінші жеңіл салмақта чемпиондық белбеулерді жеңіп алған болатын.