$ 494.87  520.65  4.91

«Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алды

«Астана» футболшылары Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсететін болды. Бүгін өз алаңында Кипрдің АПОЭЛ клубымен қарымта матч өткізген жерлестеріміз 1:0 есебімен жеңіске жетіп, құрлықтық бәсекенің жолдамасын қанжығаға байлады.

«Астана Арена» стадионында өткен ойында елордалық команда сапынан жалғыз голды Педро Энрике 11 метрлік айып добынан соқты. Мұнан кейін қос клуб ойыншылары да бірнеше рет гол соғатын мүмкіндікке ие болғанымен, ешбірі нәтижелі соққы жасай алмады.

Еске салайық, Кипрде өткен алғашқы матчта АПОЭЛ 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Қос ойында есеп теңескендіктен командалар жеңімпазды қосымша екі таймда анықтамақ болды. Алайда, бұл 30 минутта да қақпаға гол соғылған жоқ. Нәтижесінде төреші пенальти сериясын белгіледі.

Кипрлік футболшылар 11 метрлік 5 соққының тек біреуін ғана Эрич қорғаған қақпаға дарыта алды. Екі допты астаналық голкипердің өзі қайтарса, қалған екеуін АПОЭЛ футболшылары қақпадан қисық тепті.

Ал, «Астана» сапынан Марин Аничи пен Абзал Бейсебеков өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Алғашқысы қақпа маңдайшасын дәлдесе, Абзал допты қақпашының қолына тепті. Осылайша пенальти сериясы 2:1 есебімен елордалық клубтың жеңісімен аяқталды. Енді 31 тамыз күні Монако қаласында Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсететін командалардың жеребе тарту рәсімі өтеді. «Астана» қарсыластары осы кезде анықталмақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары