УЕФА Еуропа лигасында өнер көрсетіп жатқан елордалық «Астана» футбол клубы кеше Израильден келген «Хапоэль Тель-Авив» командасын 3:0 есебімен ұтты, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Жерлестеріміз ойынның 16 минутында-ақ пенальтиден есеп ашты. Фокси Кетебоаманың әдемі пасын голға айналдыруға тырысқан Таңат Нөсербаевты айып алаңында құлатқан қарсылас команданың қорғаушысы Огани бірден қызыл қағаз алып, ойыннан шығып кетті. Ал пенальтиді Рохер Каньяс мүлтіксіз орындады.
Ал, астаналықтардың екінші голын шабуылшы Таңат Нөсербаевтың өзі соқты. Екінші таймның басында, 58 минутта айып алаңының сыртынан қақпашының басынан асыра тепкен добы қақпа торының ішіне дәл түсті. Есеп 2:0.
Үшінші голдың соққысы да дәл Нөсербаев тепкен тұстан орын алды. Сол қапталдағы Кетебоамадан керемет пас алған Абзал Бейсебеков қарсыластар қақпасының алыс тоғыздығына шірене тепті. Қақпашы Абзалдың ауыр соққысын тоса алмады. Есеп 3:0.
Осылайша астаналықтар Еуропа лигасының келесі кезеңіне өтуге жақсы жағдай жасап алды.
Айта кетейік, негізі бұл ойын «Хапоэль» футбол клубының алаңында өтуі тиіс болатын. Алайда, Израильде болып жатқан әскери қақтығыстар салдарынан кездесу УЕФА-ның шешімімен Астанаға ауыстырылған-ды.
УЕФА енді қарымта кездесуді де Израильде өткізбеу жөнінде шешім шығарып отыр. Кездесу Кипрдың Ларнака қаласында «Антонис Пападопулос» стадионында өтетін болады. Аталған стадионның атауы «Анартосис» футбол клубының бұрынғы басшысының құрметіне қойылған.
Сондай-ақ, «Астана» клубынан өзге алматылық «Қайрат» өз алаңында даниялық «Эсбьерг» командасымен ойнап, 1:1 есебімен тең түсті. Сонымен бірге, қарағандылық «Шахтер» да сырт алаңда литвалық «Атлантас» клубымен тең ойнап, 0:0 есебімен тарқасты.