Өткен жылдың соңында Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) Хьюстонда өткен әлем чемпионаты кезінде қазақстандық Алмас Өтешов пен Жасұлан Қыдырбаев және Ермек Өміртайдың қанынан допинг табылғанын мәлімдеген болатын. Содан бері үш спортшымыз уақытша жарыстардан шеттетілген еді. Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы BAQ.kz тілшісіне берген сұхбатында аталған спортшыларымыздың Олимпиадаға бара алмайтынын айтты.
Алдымен министр Олимпиада жеңімпаздарына берілетін сыйлықтың көлемін айтты.
«Біздің үкіметтің бекітілген қаражаты бар. Олимпиада ойындарында алтын алған спортшыға Үкiмет тарапынан 250 мың доллар берiлсе, екiн¬шi орын алған спортшыға 150 мың доллар сыйақы берiледi. Ал қола жүлде алғандарға 75 мың доллар көлемiн¬де сыйақы жасалады. Одан бөлек, әр федерация, облыстардың да жеке құрметтеулері болады. Біздің Олимпиада жеңімпаздарына берілетін сыйлық көлемі дүниежүзіндегі ең жоғары сыйлықтардың бірі», – дейді ол.
Мәдениет және спорт министрі соңғы кездегі допингпен ұсталып жүрген спортшыларға қатаң жазалар қолданылатынын мәлімдеді.
«Допингпен ұсталған спортшыларға министрлік тарапынан шаралар қолданылады. Мысалы, допинг дауына іліккен спортшыларды жарыстырға қатыстырмай жатырмыз. Ауыр атлетикадан Азия біріншілігінің қола жүлдегері Фаина Сиванбаева спорттан өмір бойына шеттетілді», – дейді министр.
Ал, барлық қазақстандық жанкүйерлер күтіп отырған ауыр атлетикодан әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаев пен әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Алмас Өтешовтің ісіне нүкте қойылған тәрізді.
«Екі спортшымызға да шара қолданды. Мысалы, біреуіне бір жыл, екіншісіне екі жыл берілді. Үшіншісі өмір бойы спорттан шеттетіледі. Өкінішке қарай, аталған спортшылармыз Олимпиададан тыс қалады», -дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.