«Лестер» футбол клубы биылғы Англия біріншілігінің чемпионы атанды. Аталған клуб осыдан 80 жылдай бұрын Премьер-лиганың екінші сатысына дейін көтерілген болатын.
Биылғы чемпионатта «Лестердің» басты бәсекелесі болған лондондық «Тоттенхэм» кеше сырт алаңда «Челсимен» тең ойнап, чемпиондық атақтан біржола үмітін үзді. «Стэмфорд Бридж» стадионында өткен матч 2:2 есебімен тең аяқталған.
Ойын алаң иелерінің басымдығымен басталғанымен, «Тоттенхэм» ойыншылары қателіктерге бой алдырмай, ұрымтал сәттерді ұтымды пайдаланды. Кездесудің 35 минутында «Тоттенхэм» сапынан Харри Кейн есепті ашса, бірінші тайм соңында корей легионері Сон таблодағы көрсеткішті еселей түсті. Дегенмен, екінші таймда «Челси» ойыншылары дереу ес жиып, қарсылас команданың қақпасына екі бірдей гол соға білді. Алдымен 58 минутта Гари Кэхилл тепкен доп қақпадан табылса, ойын аяқталуына 10 қалғанда Эден Азар есепті теңестірді.
Осылайша, турнир аяқталуына екі тур қалған кезде чемпионның таңдыры шешіліп, «Лестер» тарихында алғаш рет жарыстың ең биік тұғырына көтерілді, клубтың еншісінде 77 ұпай бар. Ал, оны өкшелеп келген «Тоттенхэм» 70 ұпаймен екінші орынға табан тіреді.