Ресейде өтіп жатқан хоккейден әлем чемпионатын Қазақстан ұлттық құрамасы жеңіспен бастады. Мәскеудің "Парк Легенд" аренасында Швейцария хоккейшілерімен кездескен жерлестеріміз матчтың негізгі уақытын 2:2 есебімен тең аяқтап, буллит сериясында қарсыласынан басым түсті.
Ойын бастала салысымен швейцарлық хоккейшілер Виталий Колесник күзеткен қақпаға лап қойды. Назаров шәкірттері 15 минут бойы сауатты қорғанғанымен, бірінші кезеңнің соңында қателесіп, Самуэль Валзер есепті ашқан. Ал, бұған дейін Қазақстан сапынан Найджел Доус буллит соққысын сәтті пайдалана алған жоқ.
Екінші кезең қазақстандық қорғаушы Роман Старченконың керемет голымен есте қалды. Өз қақпасының маңынан соққы жасаған "Барыс" хоккейшісі қарсылас қақпасының "тоғыздығын" дәл көздеп, есепте теңдік орнатқан. Бұл сәтте Назаров шәкірттері бір ойыншы кемшілікте ойнап жатқанын айта кету керек. Мұнан кейін жанкүйерлер екінші кезеңде гол куәсі болған жоқ.
Үшінші кезең болса Швейцария хоккейшілерінің басымдығымен басталды. Олар бірнеше қауіпті шабуыл жасағанымен, Виталий Колесник шеберлік танытып, қақпасына шайба дарытқан жоқ. Есесіне, 51 минутта Евгений Рымаревтің пасын ұтымды пайдаланған Роман Старченко Қазақстанды есепте алға шығарды (2:1). Бірақ, таблодағы бұл көрсеткіш ұзақ сақталмады, 53 минутта Денис Холленштайнның соққан голы матчты овертаймға жеткізді.
Қосымша уақытта да жеңімпаз анықталмаған соң төреші буллит сериясын белгілеген. Бұл кезеңде Виталий Колесник қарсыластың екі соққысын қайтарып, Қазақстан жеңіске жетті.
Айта кетейік, матч алдында букмекерлер біздің ұлттық құраманы чемпионаттың аутсайдерлер қатарына қосқан болатын.
ФОТО: Vesti.kz