26.07.2016, 03:44

WBA Чагаевтан чемпиондық титулын тартып алды

Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының (WBA) шешімімен Өзбекстандық кәсіпқой боксшы Руслан Чагаев өзінің чемпиондық титулынан айрылды. Аса ауыр салмақта өнер көрсететін Чагаев белбеуін қорғау үшін пуэрторикалық Фрес Окендомен жекпе-жек өткізуі тиіс болатын. Алайда, кездесу орын алмағандықтан қауымдастық өзбек боксшысынан атақ-дәрежесін тартып алды. Бұл туралы оның промоутері Тимур Дугазаев мәлімдеді.

«Русланның денсаулығы сыр беріп жатыр. WBA болса оны чемпиондық атақтан айырғанын айтып хат жолдапты. Себеп — ұзақ уақыт шаршы алаңға шықпауы», — деп атап өтті промоутер.

Айта кетейік, WBA чемпиондық титулды Чагаевқа жекпе-жексіз берген болатын. Яғни, бұған дейінгі әлем чемпионы австралиялық Лукас Браунның допинг пайдаланғаны белгілі болғаннан кейін аталған чемпиондық белбеу осы салмақтағы экс-чемпионға өткен.

Чагаев пен Лукас арасындағы кездесу 5 наурызда өткен болатын. Ол кезде австралиялық боксшы 10-раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетіп, WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанған еді.