Жеңіл атлетикадан Лондон олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова Рио-де-Жанейродан да жүлдесіз қайтпайды. Үш қарғып секіруден сынға түскен жерлесіміз үшінші нәтиже көрсетіп, Қазақстан қоржынына қола жүлде салып отыр.
Өзінің бірінші мүмкіндігін сәтті пайдаланған Рыпакова осы кезеңнен кейін көш бастап тұрған. Оның нәтижесі - 14,47 метр. Алайда, 15,17 метрге секірген колумбиялық Катрин Ибаргуэн Қазақстан атлетін екінші орынға сырғытса, Венесуэла қызы Юлимар Рохастың 14,98 метр нәтижесінен кейін Рыпакова үшінші орынға тұрақтады.
Айта кету керек, Лондон олимпиадасынан кейін Ольга Рыпакова тұрмыс құрып, отбасылы болды. Спорттағы біршама үзіліске қарамастан ол әлемдік және халықаралық жарыстарда топ жарып, бүгінгі олимпиаданың қола жүлдегері атанып отыр.
Ал, оның осынау қола жүлдесі Қазақстан қоржынына салынған сегізінші медалі. Бұған дейін спортшыларымыз 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль жеңіп алған болатын.